Экспорттан импорт жоғары

Уақыты: 23.12.2023
Оқылды: 438
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Еліміз өзін-өзі етпен толық қамтамасыз етіп, тіпті артығымен өндіргенімен импорттан алыстай алмай отыр. Статистикаға сәйкес ет өнімдерінің импорты экспорттан 3 еседен асып кеткен.

1 қарашадағы жағдай бойынша елімізге ет және оның өнімдерінің импорты 191 мың тоннаны құраған. Барлығы 330 миллион доллардан астам ақшаға тауар әкелінсе, 47 мың тоннаға жуық қазақстандық ет пен одан жасалған өнімдер экспортқа шығарылған. Ал сатудан түскен кіріс импорттан түскен қаражаттан екі есеге аз. Бұл ретте таза ет импортының көлемі 136 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде негізгі көлемі  118 мың тоннасы құс етінің үлесінде. Яғни, импорт көлемі бойынша 1-орында құс еті тұр. 

Ал 6,6 мың тонна көлемімен 2-орынды иеленген шошқа етінің құны 14 миллион доллар. 6 мың тонна мұздатылған ірі қара еті 3-орынға шықты, құны 23 млн. АҚШ долларын құрайды. Одан кейінгі кезекті 3,3 мың тонна жаңа сойылған сиыр еті алып отыр. Жалпы сомасы 11 млн. АҚШ долларын құрады. Небары 2 мың тонна көлемінде импортталған жылқы етінің бұл көрсеткіші тым аз, бірақ олар 100 мың долларға 31 тонна қозы етін әкелген. 

Ет экспортына келетін болсақ, өткен кезеңде Қазақстаннан жалпы сомасы 132 миллион долларға 44,7 мың тонна жөнелтілді. Негізгі көлемді құс еті де құрады. Бірақ, импорт санатынан әлдеқайда аз. Экспорт көлемі бойынша 2-орында жаңа піскен мал еті, шетелге сатылған көлемі 13 мың тоннаны құрады. 27 миллион долларға 6,5 мың тонна қозы еті экспортталды, тоңазытылған ет 180 тонна ғана экспортталып, 1,3 миллион доллар пайда түсті. Ал жылқы еті мен шошқа еті іс жүзінде мүлде экспортталмаған.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: 365info.kz