Түркияның тасы да аңыз, ал біздің...

Уақыты: 07.02.2018
Оқылды: 1342
Бөлім: ЭКОНОМИКА

 

Үйрену үшін әуелі ниет керек. Егер ниеттенсе бір азамат бір ауылды бүтіндейді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшыларымен өткен семинарда айтты.

Жиында аталған орталық сарапшылары: «Шағын қалаларда  шығынға шырмалып жабылып қалған мәдени нысандарды қалайша қомақты табыс табатын нысан етуге болады?» – деген сұрақты негізге алып, "Архимедов тетігі" негізінде жасалатын жобалар бойынша баяндама жасады.        Осы ретте Лаззат Махатұлы аудан орталықтарын, қала берді ауылдық жерлерді дамытуда тың талпыныстың, тартымды тәжірибелік жұмыстардың керектігін атап өтті. Мәселен, ол өзімізбен бауырлас ел Түркияға сапарлай барған жағдайда ондағы түрік ағайындардың ауылы түгіл, қарапайым бір тасына дейін аңыз қып айтып, тарихымен байланыстыра таныстырғанда таңғалатынын жеткізді.

– Демек, ауылды сүю, оның әлеуметтік әлеуетін көтеру – Отанды сүю деген сөз. Ол үшін іскер азаматтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығына жүгіне отырып, өңірдің гүлденуіне ат салысуы керек. Егер ниет болса, бір азамат-ақ бір ауылды бүтіндейді, – деді Лаззат Тұрлашов.

Бір ауылды бүтіндейді демекші, елді мекендерде немесе шағын қалаларда халық санының аздығы кәсіпкерлердің жасаған өніміне сұраныстың төмендігіне, сәйкесінше, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемінің де аз болуына әкеліп соғады. «Міне, бұл мәселе», – дейді қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы төрағасының орынбасары Талғат Матаев. Оның айтуынша, бұл тығырықтан шығудың да амалы бар.

– Ол үшін шағын қалада біріккен әлеуметтік мәдени хаб қалыптастырып, қаржылық зияткерлік мүмкіндікті бір алаңда топтастыру керек. Осы ортақ күш арқылы тоқыраған шағын қалаларды дамушы шаһар дәрежесіне жеткізуге болады. Бұл МЖӘ механизмдерінің тиімділігін Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында тілге тиек еткен болатын, – дейді Талғат Мұстафаұлы. Ал біздің бұдан түсінгеніміз, «саусақ біріксе жұдырық болады, ел біріксе береке келеді» деген сөздің аталығы.

                                               Қозыбай ҚҰРМАН