ҚҰРЫЛЫС ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА

Уақыты: 04.08.2016
Оқылды: 1545
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасы ая­сын­да «Шу – Алматы 1»  учаскесінің екінші теміржолының құрылысы» жоба­сын жүзеге асыру белгіленген болатын. Осы және Қарасай ауданын­дағы басқа да құрылыс нысандары Алматы облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» фракциясы жанындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссияның жіті бақылауында.

Жақында комиссия мүшелері – «Нұр Отан» пар­тиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Садық Әбдіқадыров, облыстық мәс­лихаттың депутаты, транспорт және логистика, инфрақұрылымдарды дамыту жөніндегі комиссияның төрағасы Қанат Қожыбеков, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұмабек Шажабаев осы орайда Ұлттық қордан бөлінген қаражат пен бюджеттік қаражаттың мақсатты да тиімді жұмсалуын тексеру үшін  екі мектеп пен  бір теміржол құрылысында болды.

Комиссия мүшелері алдымен Жаңа Шамалған ауылдық округіндегі Шамалған бекетіне барып, «Шу – Алматы 1» учаскесінің екінші теміржолының құры­лысы» жобасы жұмысымен танысты. Жалпы, темір­жолдың ұзындығы 110,71 шақырымды құрайды. Оның құрылысына мемлекет қазынасынан 38,141 млрд. теңге бөлініп отыр. Осы бөлінген қаржыға сай жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі 2015 – 2016 жылдар аралығында болса, екіншісі тапсырылу кезеңі 2017 жылы аяқталмақ. Мұндағы жұмыс барысын бақылаған комиссия мүшелері оң бағасын беріп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынба­сары Садық Әбдіқадыров: «Біздің мақсат кемшілік табу емес, бірге жұмыс атқару», – дей келе, «Шу – Алматы 1» теміржолы құрылысының учаске басшысы Рүстем Сапар­ұлына істерінің алға басуына сәттілік тіледі.

Бұдан соң комиссия мүшелері Жамбыл ауылдық ок­ру­гінде орналасқан Ұлан ауылындағы Н. Крупская орта мек­тебінің жапсаржайын көрді. 300 орынға есептелген бұл нысан құрылысы да мерзімінде жүргізіліп жатыр. Құрылыс­тың бас мердігері «Құры­лысшы – ТБС» ЖШС-нің бас ди­ректоры Б.Тохтаевтің айтуынша мектеп салу 2016 жылдың сәуір айында басталған. Қазір құрылыс жұмыстарының жарты­сынан көбі бітіп тұр. Оның ішінде ішкі сылақ, әрлеу, құрал-жабдықтарды орналастыру сияқты жұмыстар бар. Комиссия мүшелері мектеп құрылысына бөлінген қар­жының игерілуі де жоспарға сай екенін атап өтті.

Мұнан кейін комиссия мүшелері Әйтей ауылдық округінде орналасқан Үштерек ауылындағы 300 оқушыға арналған орта мектептің құрылысына барып, ондағы жұмыстардың сапасы мен бюджет қаража­тының тиімді жұмсалуын қадағалады.

Бақдәулет ТАЛИПОВ.

Қарасай ауданы.