Салық жүктемесі азаймақ

Уақыты: 13.03.2024
Оқылды: 383
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық кәсіпкерлер палатасында салалық сауда кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Оған өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков, мемлекеттік басқармалардың өкілдері және  кәсіпкерлер қатысты. Маңызды мәселелердің бірі бөлшек салыққа қатысты болды. Онда кәсіпкерлерге өту мерзімі, алгоритмі, бөлшек салықтың артықшылықтары туралы түсіндірілді. Биылғы 15 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен бөлшек салыққа арналған қызмет түрлерінің тізімі 190-нан 364-ке дейін ұлғайтылды, бұл тауарлардың соңғы бағасын төмендетуге және бизнеске салынатын салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерге бөлшек салықтың арнайы салық режимі үшін салықтық жеңілдіктер туралы ақпарат берілді.

Мәселен, Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі Әмірхан Жұртбаев бөлшек сауда салығын қолданатын салық төлеушілер ҚҚС-тан босатылатынын атап өтті. Салық органдары өз кезегінде бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдану басталған күннен бастап салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығаруға міндетті.

Арнайы салық режиміне (АСР) көшу кезінде ҚҚС төлеуші өткен жылы немесе биылғы жыл ішінде ҚҚС бойынша ең төменгі айналымнан асып кетуіне қарамастан ҚҚС бойынша есептен шығарылады. ҚҚС бойынша есептен шығару бөлшек салықты қолдану басталған күннен бастап шартсыз. Сондай-ақ, АСР қолданатын салық төлеушілер әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды, әлеуметтік салықты есептемейді және төлемейді, – деді Әмірхан Жұртбаев.

Сондай-ақ, салалық кеңестің отырысында «Сапалы өнім» жобасының іске асырылуы талқыланды. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дәуешев жоба міндетіне ішкі нарықтағы отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қауіпсіз емес және сапасыз өнімдерден қорғауды қамтамасыз ету кіретінін атап өтті. Сондай-ақ, адал бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау.

Отырыс шеңберінде қала тұрғындарының ойын-сауық орындарына барған кезде қауіпсіздігін қамтамасыз ету, СЭС тарапынан бақылау және қадағалау нысандары, міндетті медициналық сақтандыру мәселелері, сондай-ақ электронды сауда саласындағы проблемалар қаралды. Кәсіпкерлер сұрағына тиісті жауаптар мен түсініктемелер берілді.

Айгүл Байжұмақызы
Фото: kursiv.media