БІРЛІК ТҮБІ - БЕРЕКЕ

Уақыты: 17.05.2018
Оқылды: 1149
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Биыл Көксу ауданының тәтті түбір алқабы 2000 гектарға дейін ұлғайып, өнім түсімділігі арта түседі деп жоспарланған. Бүгінде аймақта қызылша себу науқаны аяқталуға жақын. Соның ішінде «Кең дала» шаруа қожалығы да көктемгі егіс жұмысына білек сыбана кіріскен.

 

    Шаруашылық жетекшісі Қалибек Алпысбаевтың айтуынша, биыл қожалық еншісіндегі қызылша алқабының көлемі ұлғайған. Мәселен, былтыр балтамыр тұқымы 125 гектар жерге себілсе, бұл көрсеткіш биыл 160 гектарға жетіп отыр. Қазір көктемгі егіс жұмысына 18 техника жұмылдырылған.
   Техниканың арқасында мұндағы өнім түсімінің көрсеткіші жыл санап жоғарлауда. Айталық, былтыр өнім түсімділігі гектарына 600 центнерге жетсе, шаруашылық жетекшісі биыл бұдан да жоғары деңгейге жеткіземіз деп отыр. Қалибек Демегенұлының бұлай айтуына  негіз бар. Себебі, техникасы түгел шаруашылықта бүгінде науқанға орай 20-дан астам адам тұрақты жұмыс істесе,  жаз маусымында мұнда бір мезетте 70 адам жұмыспен қамтылады.
Әрине, жақсы өнім алу үшін өнімді техника мен адам күшінің жеткілікті бола қоймайтыны рас. Өйткені, жақсы тұқым мен сол тұқымға сай күтім жасау да егіншіліктің негізгі алғышарттарының бірі. Осы тұрғыдан келгенде ұжымның ұтқаны сол – төрт жылдан бері «Август – Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен селбесе жұмыс атқаруда.
   Осы ретте аталмыш серіктестіктің менеджер-технологы Ерлан Бекпаев үлкен шаруашылықтармен жұмыс істеудің тиімді екенін, өздерінің осы егіс даласында жүргеніне екі аптадан асқанын жеткізді.
–    Біз бүгінде бұл аудандағы шаруашылықтардың тең жарымымен жұмыс істеудеміз. Серіктестік өз қарамағындағы шаруашылықтармен тығыз жұмыс істеу тәжірибесін меңгерген. Яғни, біз үнемі егіс алқабында шаруашылық өкілдерімен бірге жүріп, игеріп отырған жерінің ерекшелігіне орай оларға уақытылы кеңес беріп отырамыз, – дейді Ерлан Жүкенұлы.
   Айта кетейік, ауданда биыл көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Шаруаларды тұқым және жанар-жағармаймен қамту мәселесі де түбегейлі шешіліп отыр. Соның арқасында қызылша себу науқаны да аяқталып келеді. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Елтай Жұмағұловтың айтуынша, ауданда биылғы Жолдауда айтылған жаңа технологияны енгізу, цифрландыру бағыттары бойынша да жұмыс қарқынды жүруде. Бұл көрсеткіш қазір 40 пайызға жетіп отыр.

            Қ. ӘБДІҒАПАР