БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ОЙДАҒЫДАЙ ИГЕРІЛЕДІ

Уақыты: 24.05.2018
Оқылды: 1210
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясы облыстық мәслихат депутаты Базархан Байтаевтың төрағалығымен өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық сот, прокуратура, басқармалар мен департаменттердің өкілдері, аудандық және қалалық мәслихат хатшылары қатысты.

 

    Жиында өткен жылға арналған облыс бюджетінің орындалуы туралы облыс әкімдігінің жылдық есебі тыңдалды. Осы тақырып аясында облыстық қаржы басқармасының басшысы Болат Сатпаев пен облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Әкежанов баяндама жасады. Болат Темірханұлының айтуынша, облыстың 2017 жылға арналған бюджеттің кіріс және шығыс жоспары 412 582,1 млн. теңгені құраған. Оның ішінде қарауға ұсынылған меншікті облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің жоспары жыл басында 312 455,7 млн. теңге болып бекітіліп, жыл ішінде бес рет нақтыланып, үш рет түзетулер енгізілген. Сөйтіп, бюджет көлемі 357 790,2 млн. теңгені құрапты. Облыстық бюджеттің түсімдері бойынша бюджет 357 562,6 млн. теңге немесе 99,9 пайызға орындалған. Оның ішінде меншікті кірістер 45183,8 млн. теңгеге жоспарланып, нақты 46 894,7 млн. теңге, жоспардан тыс 1 710,9 млн. теңге түскен.
   Бұдан басқа республикалық бюджеттен бөлінген бюджеттік кредиттер толығымен игеріліпті. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде ҚР Ұлттық қорынан, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 63 жобаның іске асырылуына қомақты қаражат қарастырылып, 99,9 пайызға игерілген. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық қорынан және жергілікті бюджет есебінен 41 жобаны іске асыру үшін бөлінген қаражат көлемі де аз емес. Оның басым бөлігі игерілген. Жалпы, облыс бойынша бюджет қаражатының 99,8 пайызы, меншікті облыстық бюджет шығыстары бойынша жоспарланған 357795,9 млн. теңгенің 99,9 пайызы мақсатты жұмсалған.
   Жалпы, өткен жылғы облыстық бюджет қаражаты негізінен жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін өркендету жөніндегі стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында жұмсалған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылға арналған облыс бюджетінің шығыс бөлігінің 99,8 пайызы игеріліп, республика бойынша алтыншы орынға шыққан. Аталған тақырып аясында облыстық мәслихаттың бюджет, қаржы және тарифтік саясат мәселелері  бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Қанатхан Нүсіпов сөз сөйлеп, ой қорытты.
   Сессия барысында өткен жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы туралы жылдық есеп бекітілді. Бұдан соң облыс бойынша 2017–2021 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекіту, Талғар ауданының Гүлдала ауылдық округінде ауыл құру және оған «Жаңа қуат» атауын беру туралы шешім қабылданды. Келесі кезекте облыстың кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта құру туралы мәселе қаралып, Қаратал ауданындағы Қаңбақты ауылдық округін Бәйшегір ауылдық округі, Қаратал ауданындағы Үштөбе қалалық округінің Фрунзе ауылын Достық ауылы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаратұрық ауылдық округінің Мелиоратор ауылын Арна ауылы деп атау   туралы шешім қабылданды.
   Сондай-ақ, сессияда халық қалаулыларының дауыс беруімен облыстық мәслихаттың келесі сессиясының төрағасы болып облыстық мәслихат депутаты Төлеу Сарпеков сайланды. Жиын соңында «Біздің депутат» атты республикалық қоғамдық-саяси газетімен өткен жылы жүргізілген рейтинг қорытындысы негізінде облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов «Үздік мәслихат хатшысы», облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Осан «Үздік депутат» атағын иеленіп, медальдар табысталды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.