БАҚ ПЕН БАҒЫ ТЕЛ ӨСКЕН

Уақыты: 25.05.2018
Оқылды: 883
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерінің кем-кетігін түгендеп, өскен ортасын абаттандырып, ауылдастарының мақтанышына айналған азаматтар көбеюде. Сол қатарда Алакөл ауданы, Екпінді ауылының тумасы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессоры Мұхтар Байбатшанов өскен жеріне деген құрметін игілікті істері арқылы дәлелдеуде.

 

   Мұхтар өзінің кіндік қаны тамған ауылына жиі ат ізін салып, мүмкіндігінше көмектесіп тұрады. Айталық, 2015 жылы мектеп бітіргеніне 20 жыл толған кезде Алматыдағы тәлімбақтардан    25 көшетті апарып, өзі білім алған мектебінің ауласына отырғызған еді. 2016 жылы Алаш үкіметінің 100 жылдық мерейтойы кезінде мектеп пен балабақшаның іргесінде желкілдеп өсіп келе жатқан алма ағаштарының қасына тағы да 100 түп көшет әкеліп отырғызды. Биыл көктемгі абаттандыру науқанына орай Мұхтар Қасенұлы мен “Майқынов Е” шаруа қожалығының басшысы Ермек Майқыновтың демеушілігімен ауылға кіреберіс жол бойындағы 7000 шаршы метр жер теліміне 500-ден аса қайың, терек, қарағай ағашының көшетін отырғызды. Бұл игі шараға Екпінді ауылдық округіне қарасты Екпінді, Қарлығаш, Үшқайың ауылдарының ақсақалдары мен тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен мектеп оқушылары, ұстаздар қолдау білдіріп, қолғабыс көрсетті.
    Екпіндінің тумасы осы арқылы өзінің туған жерге деген перзенттік борышын атқарып, туған ауылын мәуелі Иран бағына айналдыруға толықтай бекінгенін байқатты.

Қажет АНДАС.