САПАЛЫ ӨНІМ ШЫҒАРАДЫ

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1053
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Қасымбек ауылында тақыр жерден ірге көтерген «Тексан Қазақстан Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аз уақыт ішінде осы аймақтағы табысты жұмыс істейтін өнеркәсіп орындарының біріне айналды. Қазір мұнда керегесін кеңінен жайған еңселі өндірістік нысандары бар, ауласы атшаптырым заманауи зауыт орналасқан.

 

    Алғашында 25 жұмысшымен ісін бастаған кәсіпорында бүгінде 220 адам тұрақты жұмыс істейді. Жарық-электр жабдықтарын және металл бұйымдарын шығаратын зауыттың өндіріс үдерісімен бізді кәсіпорынның бас инженері Ілияс Төреқұлов таныстырды. Ол цехтарды аралата жүріп, тұрақты дамып келе жатқан болашағы зор өндіріс орнының қол жеткізген жетістіктері туралы жан-жақты хабардар етті. Зауытта жарықдиодты шамдардың 350-ден астам түрі шығарылады. Олардың қатарында кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған әртүрлі шамдар бар. Мұнда сонымен қатар ыңғайлы оқушы парталары, көшеге, саябақтарға арналған әдемі орындықтар, кеңсе сейфтері, төсек сияқты басқа да сапалы бұйымдар өндіріледі.
    Бұйымға қажет ою-өрнектер лазер қондырғысымен салынады. Кәсіпорын өткен жылы орта есеппен айына 200 мың бірлік өнім шығарды. Бұл елдегі нарық сұранысының 70 пайызын қамтиды. Зауыт өнімдері өз елімізден басқа таяу шетелдерге, оның ішінде Қырғызстан мен Өзбекстанға жөнелтіледі. Сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Латын Америкасына да экспортталады. Зауыттың техникалық жарақтандырылуына жыл сайын шамамен 500 млн. теңге инвестиция салынады.
    Мұндағы ең басты қағида – сапалы өнім шығару. Елбасы Жолдауында айтылған төртінші өнеркәсіптік революция алға қойған талаптарға сай отандық өнімді өрістету, жаңа технологиялар енгізуде өркениет көшінен қалыспау бұл зауытқа тән үрдіс.
  Жұмысшылардың еңбек жағдайының қолайлы болуына айрықша мән берілген. Оларды жұмысқа тасымалдау, үзіліс уақыты, тамақтануы барынша ыңғайлы ойластырылған. Іс үстіндегі жұмысшылардың жарқын жүздері мұны растағандай болды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.