КӘСІПКЕРЛІК БАСТАУЫ

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1111
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында «Бастау» жобасы бойынша оқыту сәтті жүруде. Алғашқы лекке оқуға 36 адам қабылданды.

 


   Өңірлік кеңес мүшесі, кәсіпкер Баршагүл Саятова мен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов бастаулықтармен кездесу ұйымдастырды. Жобаның басталуын әсіресе ауыл азаматтары ерекше күткен болатын. Себебі, ол қатысушыларға даму жолдарын айқындап, бизнес идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.
– Жоба былтыр облыстың жеті ауданында жүзеге асып, оң нәтиже көрсетті. Жұмыссыз жүрген көптеген азаматтың іс ашып, кәсіпкерлікпен айналысуларына түрткі болды. Соның нәтижесінде елді мекендерде жаңа бизнес нысандар пайда болып, қосымша жұмыс орындары ашылды, – дейді Нариман Әбілшайықов.
   Баршагүл Саятова да жеке іс ашу бойынша ақыл-кеңес беріп, жолдарын түсіндірді. Теректі ауылының тұрғыны Әлия Кенжесариева аталған жоба аясында алған білімін тәжірибе жүзінде іске асыруды көздейді. Оқу аяқталған соң айналысатын саласын да белгілеп қойған.
– Мен үшін бұл алғашқы кәсіпкерлік тәжірибе болып саналады. Сондықтан бизнес-жоспар әзірлеуді және маркетинг негіздерін үйренгім келеді. Біздің ауыл мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы аймақ. Сол себепті шағын ферма ашып, үш, төрт адамды жұмыспен қамтуды ойлап отырмын,– дейді Әлия Кенжесариева.   
Бизнес-тренер Арлан Әлімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қатысушылар кәсіпкерлік, бизнес идея туралы түсініктермен жіті танысуда. Жақында ірі өнеркәсіп орындарында тәжірибелік сабақтар өткізіліп, табысты кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылмақ.