Инвестициялық белсенділік артты

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1493
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 1 жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің іске асырылуы қорытындыланды. Бейнекөрсетілім арқылы өткен селекторға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты. 

Селекторлық жиында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің 4,1 пайызға өскендігін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ауылшаруашылығының  өнімі 4 пайызға  артқан.  Көрсеткіштің өсуі мал басының артуымен тікелей байланысты.  Мал шаруашылығы 4,2  пайызға өскен. Алты айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласының өсу үрдісі – 3,8 пайыз. Өсім тұрғын үй ғимараттарының, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың, магистральдік газ құбырлары мен құбыр жолдары, газ компрессорлық стансыларының құрылысы, Семей қаласындағы автокөлік жолдары, ұшу-қону жолағын реконструк- циялау, Шымкенттегі мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстарының артуына байланысты ұлғайған. 
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев  шілде айының басында іске қосылған «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы хабарлады. Бағдарламаны пысықтау барысында Ұлттық банк жұмысына заңнамалық түзетулер енгізіліп, «Баспана» арнайы ұйымы құрылды.  Бағдарлама ипотекалық заемдар беруді мақсат етеді. Мемлекеттік қаржыландыру қор ресурстарын тарту есебінен жүзеге асырылады. Жиында бағдарлама аясында  алғашқы займдардың  беріле бастағанын  банк төрағасы Данияр Ақышев айтты. 
Жиында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті нығайту барысында жұмыстарды жандандыру керектігін  сөз етті. Бұл орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 213 келісімшартқа қол қойылып, 772 млрд. теңгеге міндеттемелер жүктелген. Жиындағы мәлімдемелер  инфляциялық процестің бәсеңдеп, инвестициялық белсенділіктің артқандығын  көрсетті.
Ұлттық экономика министрі тұтынушылық сұраныстың күшеюі мен экономиканың нақты секторындағы тұрақты іскерлік белсенділік ұсынылатын қызметтер саласының өсу драйверлері болғанын айтып өтті. Оның өсімі 3,8 %-ды құрады. Сауда мен көлік саласында дамудың қолайлы серпінінің 5,9% және 4,9% жеделдеуі тіркелді. Байланыстың өсу қарқыны 5,9%-ды құрады.
Жалпы экономиканың өсімі инфляциялық процестердің жалғасып келе жатқан бәсеңдеуі және жоғары инвестициялық белсенділік нәтижесінде болып отыр.

Гүлжан ТҰРСЫН