ЕЛ САУЛЫҒЫН ОЙЛАҒАН

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 1296
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Сонау көне дәуірде әр қазақтың есігінің алдынан бұзаулы сиыр, боталы түйе, құлынды биесі арылмаған кезде рахит, гастрит сияқты «қасқыр иттер» болмаған секілді. Өйткені  сиырдың сүті мен құрт-майы,  биенің қымызы, түйенің шұбаты құнарлы қуатымен сырқатты сейілтіп отырған. Осы орайда халықтық емге ерекше үлес қосып жүрген кәсіпкер Сыдық Дәулетовтің еңбегі ерен.

 

   Түйе сүтінің физикалық қасиеттері мен химиялық құрамын зерттеген шетел ғалымы  К. Н. Кnoess дерегі бойынша 14,4 % құрғақ зат, 4,5 % протеин, 40 мг/л. кальций, 138 мг/л. фосфор болады екен. Мұның адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін біле бермегендігімізден саулығымызға салқын қарау әдетімізге айналған. Көл жағасындағы  шипажайлар сумен  емдесе, Күрті өңіріндегі шұбатпен емдеу шипажайының дәрумені қуатты дәрменді сусынмен емдейтінін осыдан екі ай бұрын естіп қуанып қалдық. Жағымды жаңалық, жайлы  хабарды естіп емделушілердің легінің де еселене түскеніне көзіміз жетіп, көңіліміздің сүйінгенінен сүйіншілеп отырмыз.
   Бұдан бірер жыл бұрын Күрті ауданы таралып, Ақши ауылының көркі кетіп, ажарынан айырыла бастаған кез болды. Осындай бір жүдеу шақта түйе өсіріп, шаруасын шалқыта білген іскер жігіт «Дәулет – Бекет» шаруа қожалығының өнімін халық қажетіне жарата білді. Сөйтіп қалаға қаша бастаған іргелі елді ыдыратпауға септігін тигізді. Ауыл балабақшасын қайта құрылымдап, дүкен, тойхана ашты. Оның сыртында  Израильден әкелген шұбат дайындау технологиясын орнатып, екі қабат «Аруана» шипажайын тұрғызып, пайдалануға берді. Бас-аяғы 200-ге   жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп,  әрқандай іс-шараларға қайырым қолын созып отыруы, нар жігіттің атқаратын шаруасы емес пе?! Алғашқы кездегі есік алдындағы бес түйені 4,5 мыңға жеткізіп, күніне 5 тоннаға дейін шұбат өндіріп Алматы, Ақтау, Астана қалаларына таратуда.
   Халық денсаулығын ойлап емдеу орнын салып, басқа да абыройлы істердің тізгінін ұстап отырған қожалық жетекшісі Сыдық Дәулетов 2011 жылы Асы жайлауында өткен көрме-жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, түйе шаруашылығының ертеңі жайында кеңесін алып, толымды ойға тоқтап, соның нәтижесінде толағай табыстарға жетіп келеді. Ол келе-келе түйелердің иесі ғана емес, осы саланы дамытып, игіліктерді ел кәдесіне жаратқан тәжірибелі ғылым кандидаты. Сондай-ақ, ол түйе сүтінен ұнтақ жасап, оны шетелдерге шығарудың  жолдарын да қарастыруда. Еңбектегі табыстың  ғылымның  дамуымен байланысты екенін жете түсінген жас ғалым Сыдық Әбуұлы республикамыздағы фермерлік және жеке қожалықтардың жұмыстарын жүйелі жүргізіп, рентабельді салаға айналдыру жолында іргелі ізденістер танытып келеді.

Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ,
журналистика ардагері