ТИІМДІ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 19.01.2019
Оқылды: 961
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс әкімдігі мен «Қазгидромет» РМК арасында іскерлік ынтымақтастық орнату жөнінде меморандумға қол қойылды. Келісімшартқа сәйкес аталмыш кәсіпорын бір жыл бойы жетісулық шаруашылықтарды агрометеорологиялық ақпаратпен тегін қамтамасыз ететін болады. Одан әрі ақылы түрде жалғасады. Айта кетейік, бұл пилоттық жоба.

 

   Алдымен облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов сөз сөйлеп, ауылшаруашылығы жұмыстарына қатысты ойын қысқаша жеткізді. Жеңіс Шылбынұлы Жетісу жерінің егін егіп, мал өсіруге ыңғайлы аймақ екенін және ауылшаруашылығы өнімдерінің барлық түрі осы өңірде өсіріліп, өндірілетінін айтып, аталған саладағы жалпы өнім көрсеткішінің 703 млрд. теңгеге жеткізілгенін баяндады. 
Айта кетейік, агрометеорология – ауылшаруашылығы саласында ауа райы мен климаттық жағдайды болжайды.    
   Агрометеорологиялық ақпарат – ауылшаруашылығы ұйымдарына қызмет көрсетіп, егіс алқаптарындағы дақылдардың өз дәрежесінде өсіп, жетілуіне, жоғары сапалы өнім алып, тиісті агротехникалық әдістерді жүргізуге септігін тигізеді. Осылайша сала жұмысының алға жылжуына ықпал етіп, ауа райының құбылысы мен климаттық жағдайды дер кезінде жеткізіп отырады. 
«Қазгидромет» РМК бас директоры Марат Қынатов аталмыш қызмет түрінің мақсат-міндеттері мен мән-жайын бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Айтуынша, бұрын ауа райы туралы болжам сала министрлігі мен аймақтық басқармаларға ғана жолданатын. Ендігі кезекте әр шаруа жеке кеңес алуға қол жеткізіп отыр. Мұндай жаңа жүйе былтыр Солтүстік Қазақстан облысында іс-тәжірибеден өткізіліп, биыл пилоттық жоба ретінде Жетісу жерінде енгізілмек. Бүгінгі таңда аталмыш салада техникалық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндіктер артуда. Таяуда Талдықорғанға да метеорологиялық радар орнатылмақ. 
Қазіргі кезде облысқа қарасты 13 ауданда агрометеорологиялық бақылау жүргізетін 23 пункт бар. Онда ауа температурасы, күннің ыстығы мен суығы, жауын-шашын мен бұршақ, үсік, қар қалыңдығы, топырақ ылғалдылығы мен өсімдіктердің өсіп, жетілуі, ауруы сияқты басқа да мәліметтер болжанып, ресми ақпарат көздерінде хабарланып отырды. 
   Енді, шаруашылық құрылымдарынан сұраныс түссе, әр аудан алқап, танаптарына бір-бір бақылау агробекетін орнатуына болады. Ал егістік көлемі аз ұсақ шаруа қожалықтары өзара бірігіп, бір қондырғыға тапсырыс беруіне мүмкіндігі бар. Өйткені, бақыланатын жер аумағы кем дегенде 1 мың гектарды құрауы шарт. Арнайы бақылау бекеті қондырғыларын орнату шығынын аталмыш кәсіп-орынның өзі көтермек. Космостық түсірілімдер де жасалады. 
   Мамандар осыған байланысты ойларымен бөлісіп, агрометеорологиялық қызмет көрсетудің маңызды тұстарын және оның ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосар үлесінің зор екенін және бұл жұмысты жүзеге асыруға бірауыздан қолдау танытатындықтарын жеткізіп, қойылған сұрақтарына жауап алды. Соңында қос тарап меморандумға қол қойып, бірлесе іс атқаруға уағдаласты.

Аслан ҚАЖЕКЕ.