ЕЛ МҮДДЕСІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Уақыты: 18.01.2019
Оқылды: 1021
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев Шамалған ауылдық округінің тұрғындары  алдында есеп берді.  Басқосуға жергілікті тұрғындар, аудандық және облыстық мәслихат депутаттары мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев қатысты.

 

   Жиында "Қарасай ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2019 жылға арналған міндеттері" таныстырылды.  Аудан әкімінің айтуынша, 2018 жылдың 15-ші қаңтары мен 2-ші ақпаны аралығында өткізілген жиындарда жұртшылықтан 42 ұсыныс пен ескерту  түскен. Өткен жылдың соңына дейін осы мәселелер бойынша қаралған іс-шаралар толық орындалған. Бұдан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қол жеткен табыстар баяндалды. Облыс бюджетіне түсетін қаржының 25,9 пайызын қамтитын іргелі ауданда игі істер көп.
    Шамалған ауылындағы орта мектептің мұғалімі Динара Есалиева болашақ ұрпақты тәлімді тәрбиелеу жолындағы ұстаздардың жауапкершілігі мен мемлекеттік қолдау жайлы айтып, мектеп жанындағы көшелерді жарықтандыру туралы жұртшылық өтінішін жеткізді. Ауылдық емхананың терапевт-дәрігері Мөлдір Жайылханова заманауи технологиялармен жабдықталудың нәтижесінде халыққа медициналық көмек көрсету сапасының артқанын айтты. 
   Шамалған қазақ орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы, жас маман Қоблан Алдабергенов аудан, облыста өткізілген түрлі жарыста көш бастап жүр. Қоблан Асанәлі- ұлы өзі еңбек ететін Үшқоңыр қазақ орта мектебіне Елбасын дүниеге әкеліп, ұлы тұлға етіп тәрбиелеген Әлжан Қонақбаеваның есімі беріліп, «Әлжан ана» мектебі болып аталса деген ұстаздардың тілегін жеткізді. 
    Ауыл тұрғыны Баян Мұратқалиева өзі тұратын көшенің тұрғындарын алаңдатып жүрген ауызсу, көгілдір отын және жол мәселесіне әкім назарын аударса, заңгер Фариза Патиева негізінен ауылдағы медициналық мекеменің жай-күйін, «жедел жәрдем» көлігінің жетіспейтінін, зертхана қызметінің ақылы атқарылатынын, жеке сала мамандарының жетіспейтінін айтып, тұрғындар саны артып келе жатқан елді мекен ауруханасын жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Жандарбек Ермекұлы осы және өзге де мәселелер бойынша сала басшыларының жауабын тыңдап, бұл сұрақтар бойынша кездесу өткізуге уәде берді. 

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.