ӘКІМ ЕСЕБІ: БІРДЕ-БІР ТҰРҒЫН СҰРАҚ ҚОЙҒАН ЖОҚ

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 1918
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауданының әкімі Бағлан ТӘНЕКЕНОВ өткен жылды қорытындылап, биылғы жоспарды айқындап, ел алдында есеп берді. Есепті тыңдауға облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов арнайы қатысты.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Алпысбаев әкім есебін ашып, жүргізіп отырды.

– Өткен жыл  ауданымыз үшін нәтижелі, берекелі болды. Жоспар толығымен орындалды, – деп бастады сөзін Бағлан Сағындықұлы. Рас, Ескелді ауданында қай саланы алып қарасаңыз да ілгерлеу бар. Мәселен, ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 28 млрд. 115 млн. теңге, өнеркәсіп өнімдері – 6 597 млн. теңге болды. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық қорғау салалары бойынша да әкім айтқан көрсеткіштер көңіл көншітерлік. Бүгінде аудан бойынша 30 медициналық мекеме жұмыс істейді. Өткен жылы Көкжазық аулындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталды. Керек жабдықтармен қамтылып, тұрғындарды қабылдап жатыр. Ал биыл Қарабұлақтағы аудандық орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу үшін 300 млн. теңге бөлінген.

Ауданда білім беретін жалпы 30 мектеп және 20 мектепке дейінгі шағын орталық, 12 балабақша бар. Былтыр «Балдәурен» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Жергілікті кәсіпкерлер Қарабұлақ пен Бақтыбай ауылдарына 190 балаға арналған жекеменшік балабақша ашты.

Өткен жылы  408 млн. 448 мың теңге бөлінген 4 жоба: Көктөбе, Биағаш елді мекендері су жүйесімен толық қамтамасыз етілсе, биыл Қаратал, Жетісу ауылдарында осы жұмыс жалғаспақ. Жастар ауылындағы су жүйесі жөндеуден өтті. Ауданда орталықтандырылған сумен жабдықтау деңгейі жалпы 96,9 пайыз болды.

Өңірлерді дамыту бағдарламасын орындау мақсатында аудан бойынша 10 ауылдық окургке 41,5 млн. теңге бөлініп, 11 жоба іске асты. Қарабұлақ, Сырымбет, Жетісу ауылдарында газ құбырлары жүйесінің құрылыс жұмыстары басталып, 10 көшеге 2,9 шақырым газ құбыры тартылды. Одан бөлек Шымыр, Ешкіөлмес, Абай, Сырымбет, Жетісу ауылдарына газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 237 адам 2 колледж бен 4 оқу орталығында 14 мамандық бойынша қысқа мерзімде білім алды. Солардың 220-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,8 пайызға өсті. Жұмыспен қамтылғандар саны – 8 136 адам.

Ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлік қызметті дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында былтыр маусымда «Тау Жетісу» демалыс аймағында арнайы форум ұйымдастырылды. Форум нәтижесінде бірқатар инвестициялық жоба жоспарланды.

Облыс бойынша Ескелді ауданы ауылшаруашылық өнімдері бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Былтыр ауылшаруашылық дақылдары жалпы 50 116 гектарға себілді. Өнім  жоспардағыдан артық орындалды. Мәселен, 150 шаруа қожалығы 2236 гектарға қант қызылшасын өсіріп, 120 мың тонна тәтті түбір жинады. Биыл бұл көрсеткішті 2600 гектарға көбейту жоспарланған.

Мал шаруашылығында да өнім берекелі. Көкжазық ауылында орналасқан «Тәжікеев» шаруа қожалығы Ресей мемлекетінен 125 сиыр сатып алып, сүт фермасын ашып, 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ Бақтыбай, Төлеңгіт, Көкжазық ауылдық окургтерінде 3 сүт дайындау-өткізу, 1 мал бордақылау кооперативтері құрылды.    

Ауданда тұрғындар тыныштығы басты назарда. 2018 жылы өңірде 484 қылмыс тіркеліп, олардың 81,2 пайызы ашылды. Қарабұлақ, Бақтыбай, Жалғызағаш, Жетісу, Сырымбет, Қаратал, Қайнарлы және Ақын Сара ауылдарында тұрғын үймен бірлескен учаскелік полиция пунктері салынды. Мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша бірыңғай тәртіптік комиссия жұмыс істейді.

Аудандық әкімдік ғимаратында өткен есепті кездесуде жиналғандар ішінен бірде-бір тұрғын сұрақ қоймады. Әкім бұл жайтты: «Өткен жылы қаңтардан бастап жыл соңына дейін тұрғындармен өткен 12 есептік кездесуде сауалдар қойылып, жауаптар берілді», – деп түсіндірді.

Мінберге жиналғандар арасынан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалабек Тастанбаев шығып, өңірде істелген жұмыстарға тоқталып, ризашылығын білдіріп, басшылыққа алғыс айтты. Сұлтан Мырзабекұлы әкім есебін қорытындылап, өңір басшысының істеген жұмыстары көңілінен шыққанын жеткізіп, осы қарқыннан ажырамауды айтып, алдағы уақытта атқаратын істеріне сәттілік тіледі.

Серік ҚАНТАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қарабұлақ ауылы

Ескелді ауданы

Алматы облысы