ЖАҢА ҚАЛАНЫҢ ЖОСПАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 1015
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ «Алматы–Алтынкөл» бағытындағы пойызбен келіп, көршілес ҚХР еліндегі әріптестермен «Қорғас» халықаралық теміржол бекетінде кездесу өткізді. Шарада екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Екі ел шойын жолының басшылары кедендік өткізу мүмкіндіктерін саралап, жүк тиеп, сақтау орындарымен танысты.

Кездесуден кейін Сауат Мыңбаев Қазақстан тарапындағы «Алтынкөл» халықаралық теміржол стансысына келіп, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН бірге бекет жұмысымен танысты. Мұндағы жұмыс нәтижесі жайлы «Алтынкөл» бекетінің директоры Жандос Ұнтақбаев баяндады. Бекет қызметкерлері тәулік сайын 15 пойызға контейнер тиеп, жөнелтеді. Күн сайын 20 пойыздың жүк тасуға мүмкіндігі бар. Өткен жылы 2482 пойыз немесе 111512 вагон ары-бері өткізілген. Тасымалданған жүктің 377,3 тоннасы ҚХР-ға, 2,3 миллион тоннасы ҚХР-дан Қазақстанға жүк өткізген.

Облыс басшысы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқармасының төрағасына болашақ Нұркент қаласының бас жоспары таныстырылды. Теміржолшылар мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында салынатын қаланың бас жоспары туралы «Урбостил» ЖШС директоры Л.Нысанбаева мәлімдеді. Қаланың бірінші шағынауданында көпқабатты 8 тұрғын үйдің құрылысы басталмақшы. Ал 2022 жылға дейін 1055 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, оған 50 мың адам қоныстандырылып, тұрғындар қатары арта түспек. Қаланың жобасы бекітіліп, жалпы 416,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Құрылыстың жалпы сметалық құны 745,6 миллион теңгені құрамақ. 86 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысын жобалауға жергілікті бюджеттен 34, 7 миллион теңге бөлінген. Жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптауға беріліп, үстіміздегі жылдың ақпан айында дайын болады. Әрқайсысы 60 пәтерден тұратын 4 үйдің құрылысын «Базис» ЖШС салмақшы.

Бұдан кейін Сауат Мыңбаев бастаған топ жұмыс барысымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Құрғақ портқа» келіп, «КТZE-Kһорgos Gateway» ЖШС қызметімен танысты. Өткен жылы мұнда 660 жабық вагон, 570 контейнерге жүк тиеліп, жөнелтілген. Арнайы экономикалық аймақтағы тағы бір үлкен жаңалық - 10 гектар аумаққа 5,1 миллиард теңгеге «А» санаттағы қойма ғимаратының салынғаны. Біз көргенде оның сырт құрылысы тамамдалып, ішін бөлмелерге бөліп, әрлеу жұмыстары басталыпты. Қойма үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға берілмек. Оның ішінде 24964 шаршы метр құрғақ, 14616 ауа райы өзі реттелетін қойма салынбақшы. Қойма құрылысы аяқталғанда жалпы 50 жұмыс орны ашылады.

Бұдан соң арнайы экономикалық аймақтың әкімшілік ғимаратында басшыларға  инвестициялық жобалар бейнебаян арқылы көрсетілді. Сапар соңында «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығына барған қонақтар орталықтың Қазақстан тарапындағы жаңадан пайдалануға берілген бірнеше сауда үйін аралап, отандық және шетелдік тауарлардың түр-түсін және сапасын көрді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы