Жаңарған энергия көзі

Уақыты: 29.11.2016
Оқылды: 2207
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Әлемде гидроэнергетика ресурстарына деген сұраныс күн сайын артып келеді.  Су энергиясының потенциалы жағынан Қазақстан Орта Азияда алдыңғы орында тұрады. Дей тұрғанмен, әлемдік деңгеймен салыстырғанда еліміз су көздеріне тапшы.  Осы тапшылықты дер кезінде шешуге тиістіміз. Сондықтан «ЕХРО – 2017» көрмесі осыған дейін әлем елдерінің бір- де-бірінде қозғалмаған ең өзекті «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпты таңдап алып, қажеттілікті шешудің жолдарын қарастырмақ. Әрине, ол үшін қазақстандықтар жаңа бастамаларымен басқаларға үлгі көрсетуде.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, аймақтағы энергия көздерін ашу, қайта қалпына келтіру, дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам»  Ұлт жоспары аясында құрылыс, жер қойнауын пайдалану, энергетика және тасымалдау ісі озық технологиямен жабдықталу керектігі айтылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 қаңтардағы №43 Қаулысымен бекітілген Қазақстанда баламалы және жаңартылған энергетиканы дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2015 жылға дейін инвесторлар тарапынан 12 жаңартылған энергетика жобасын жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 2 күн электрстансысы, 8 су электрстансысы және 2 жел электрстансысы бар. Жоспарланған мерзімде соның бірқатары іске қосылды. Сол қатарда Сарқан ауданындағы «Жоғарғы-Басқан» ГЭС-і пайдалануға берілсе, алдағы уақытта «Лепсі – 2» СЭС-інің бірінші торабы қосылмақ. Біз Сарқан ауданындағы іссапарымызда аталған СЭС-тің жұмыс ауқымымен танысып, оның өңір дамуына тигізетін пайдалы тұстарын бағамдадық.
Сарқан ауданында басын таудан алатын ағысы қатты бірнеше өзен бар. Оның суы негізінен егістік жерлерді суаруға жұмсалып келді. Соңғы кездері бұл өзендерге су электрстансыларын салу қолға алынып, екі нысан бой көтеріп үлгерді. Осы екі су электрстансысы алдағы уақытта 21 МВт. ток өндіретін болады. Мұның өзі, біріншіден, инвестиция, екіншіден, жаңа жұмыс орны, үшіншіден, арзан қуат көзі болып табылады.  Расында, Балқаш көліне құятын өзендердің ішінде Лепсінің ағысы қатты. Бастау көзін Жетісу Алатауының құз – шатқалдарынан алатындықтан одан қуаттылығы жоғары электр энергиясын алудың мүмкіндігі мол екендігі бұрыннан белгілі болса да бұл жұмыс тек 2013 жылы ғана жеке инвесторлардың қаржысымен қолға алынды. Қойлық ауылының іргесінен орын алған нысан облысымыздағы «Мойнақ» СЭС-інен кейінгі қуаттылығы жоғары су электрстансысы. Таудың жартасты беткейінде жасалған су қоймасы жер  бетінен 10 метр биіктікке орналасқан. Ал жер астына жеті метр тереңдікке орналастырылған стансы құрылысының сапалы салынғаны бірден байқалады. 
Мұндағы техникалар тұтастай компьютермен басқарылады. Жалпы төрт генератордан құралған. Оның үшеуі 4850 КВт., ал біреуі 2500 КВт. ток өндіреді. Оның жұмыс барысы өте күрделі. Яғни,  су  – қоймадан қақпа арқылы өтіп турбинаға келеді, су ағыны турбинаны айналдыра бастайды, турбина электр энергиясын өндіретін генераторды іске қосады, генератордан энергия электр желісі бойынша тұтынушыларға жөнелтіледі. Төменгі қабаттарға өрттен сақтану құрылғылары, генератордың майын ауыстыратын ТП20 май ауыстырғыш, генераторды сумен қозғалтатын биіктігі екі жарым метр труба, генераторды май және ауамен тоқтататын тежегіш құрылғысы, суды сыртқы каналға ығыстыратын сорғыштар орналастырылған. Қысқасы, стансы құрылысы бүгінгі заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталғаны көрініп тұр. Айта кетерлігі, стансыда белгілі бір ақау пайда болса стансы жұмысы автоматты түрде тоқтайды. Орын алған ақау толық қалпына келтірілгенше  құрылғылар жұмыс істемейді.
Қазірде мұнда 17 адам жұмыспен қамтылған. Айлық табыстары отбасын асырауға толығымен жетеді. Стансы басшысы Андрей Шаповаловтың айтуынша, стансының құрылғыларын қытайлық мамандар құрастырғанымен, жергілікті жігіттер қолданудың барлық тетігін меңгеріп алған. 
Сарқан ауданы.