ҮКІМЕТ: "ЖОЛ КАРТАСЫ" АЯСЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Уақыты: 01.04.2020
Оқылды: 781
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына орай Үкімет тарапынан мақұлданған "Жол картасын" орындау бойынша ұсынылған жобаларды қайта қарауға арналған селекторлық жиын өтті. Оған онлайн режимде Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов және басқарма басшылары қатысты.

Жиынды жүргізген Ералы Лұқпанұлы алдымен ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасымен "Жол картасы" аясындағы жобаларды қайта қараудың қажеттілігін айтып өтті.

­­- Жол картасында инфрақұрылымдық жобалардың бағыттары және қаржыландыру тетіктері нақтыланған. Осыған орай, бүгінгі таңда 238 мыңнан астам жұмыс орнын құратын 12 мыңнан астам жоба ұсынылған. Орта есеппен бір жобаның құны 81 млн.теңгені құрайды. Ұсынылған жобалардың 40 пайыздан астамы жол жөндеу жұмыстарына, 26 пайызы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бұл қатарда орындалу мерзімі бір жарым немесе үш айға жоспарланған, жұмысқа тартылатын адам саны аз, шағын жобалар басым санды ұстайды. Сондықтан,  Асқар Ұзақбайұлының тапсырмасымен осы жобаларды қайта сараптаудың қажеттілігі туындауда. «Жол картасы» аяқталғаннан кейін де көптеген адамға тұрақты жұмыс ұсына алатын және жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге септігі тиетін ұтымды жобаларға назар аударылатын болады, - деп түсіндірді ол.

Осыдан кейін министрліктер мен облыс әкімдіктері ұсынған жобаларын рет-ретімен тікелей байланыс арқылы таныстырып шықты. Сол қатарда білім беру, бала бақша, туристік нысандар, оңалту орталықтары, демалыс орындары, жалға берідетін тұрғын үй ғимараттары, инфрақұрылымдық көпірлерді салуға арналған жобалар бар. Оның бірі қолдау тапса, енді бірі өтпей қалды. Енді біреуіне қайта қарау тұралы ұсыныс айтылды. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов аймағымызда  атқарылуға тиісті жобаны таныстырды:

­ ­- «Жол картасы» аясында білім беру нысаны мен ауылдық амблатория құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Ең бастысы, биыл аймақтағы 360 мектептің  дәретханасын жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған 1 млрд.теңге қаржы қарастырылды, - деді.

Алматы облысынан ұсынылған бұл жоба Үкімет басшысының орынбасары тарапынан бірден мақұлданды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынады