ТАЛҒАР АУДАНЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 1476
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талғар ауданының осы жылға бекітілген әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес, егіс алқабы 32566 гектарды құрайды. Оның 13680 гектары дәнді дақылдар, оның ішінде, 3995 гектары күздік, 9685 гектары жаздық дақылдарға жатады. Сондай-ақ, 4455 гектарға майбұршақ, 3056 гектарға картоп, 2721 гектарға көкөніс, 220 гектарға бақша дақылдары мен 8434 гектарға жем-азықтық дақылдарды егу жоспарланған.

Көктемгі егіс науқанын өткізу жоспарына сәйкес наурыздың ортасынан бастап жалпы аумағы 12500 гектар сүдігер алқабына ылғал жабу, 6061 гектар көпжылдық шөп алқабы мен 3995 гектар күздік дақылдар алқабын тырмалау жұмыстары мен минералды тыңайтқышпен қоректендіру және 10010 гектар алқапқа жер жырту, сонымен қатар, жерді дискі арқылы өңдеу жұмыстарын жүргізу басталып кетті.

– Жерді өңдеу мен тұқым себу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып, тыңғылықты атқарылса алынар өнім мол әрі сапалы болмақ. Осыны ескерген ауылшаруашылық саласының жетекшілері мен мамандар бірлесіп, жұмыла еңбек етуде. Нәтижесінде жоғарыда аталған жұмыстардың жартысы еңсерілді. Былтыр себілген күздік дақылдардың да өсімі қанағаттанарлық. Ағымдағы жылы жаздық дақылдар өсіруде ауылшаруашылығы құрылымдары тұқыммен қамтамасыз етілді. Осы орайда, тұқым лабораториялық тексеруден өткізілді, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Толқынов.

Ауылшаруашылық саласын қажетті тұқыммен жеткілікті түрде қамтамасыз ету мақсатында тұқым «Будан», «Tukum.kz», «Өркен», «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен облыстағы бірегей элиталық, 1,2,3-репродукциялы және тұқым өткізуші қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардан сатып алынуда. Бүгінгі күні егіс алқаптарына 52 тонна органикалық тыңайтқыш себілген.

Ауданда көктемгі егіс жұмыстарын нәтижелі өткізуге қатысатын техниканың дайындығы 98 пайызды құрайды. Осы  күні қолда бар 928 трактор, 227 соқа, 152 культиватор, 540 тырма, 213 тұқым сепкіш, 25 тұқым дәрілегіш, 552 жүк автокөлігі сақадай-сай жасақталып, дала жұмыстарын кідіріссіз атқаруда.

Биыл көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген дизель отынын сатып алып, жеткізуші оператор «Қарамай Продакстас» ЖШС болып табылады. Бүгінде ауданға 185 теңгеден 600 тонна дизель отыны бөлініп, оның 133 тоннасы игерілген.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды