АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ 56 ПАЙЫЗЫ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Уақыты: 18.04.2020
Оқылды: 1058
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында 474 елді мекеннің 144-і газдандырылған. Аймақта табиғи газбен 1,1 миллион адам немесе тұрғындардың 56 пайызы қамтамасыз етілген, 15 аудан мен қалада табиғи газ бар. Жалпы қазіргі кезде өңірді газдандыруға 65 млрд.теңгеден астам сома бөлінді, 1,4 мың шақырым магистралды және тарату жүйелері, 9 АГТС (газ тарату стансылары) салынды. Сонымен қатар, «КазТрансГаз» АҚ-ның инвестициялық қаржысы есебінен 12,5 млрд. теңгеге «Есік», «Шелек», «Жаркент», «Үңгіртас» АГТС-тары мен ұзындығы 628 шақырым болатын газ тарату жүйесі жасалды.

Газдандыру жылы аясында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдің елді мекендерін газбен қамту бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің айтуынша, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылына 161,5 шақырым газ құбырын тартып, көгілдір отынмен 15 мың абонентті қамту үшін облыс бюджетінен 1,7 млрд.теңге бөлінген.

Сол сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 12 млрд.теңге болатын 9 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, сол қатарда Бақанас, Сарыөзек, Ақтас, Ақдала, Жалғамыс, Достық (Фрунзе) ауылдарын, Үштөбе, Текелі қалаларын газдандыру, сонымен бірге «Байсерке-Қапшағай» газ бұру құбырынан Жетіген кентіне дейін газ жеткізу құбырының құрылысын жүргізу жұмыстары бар. Оған қоса облыстың елді мекендерін газдандырудың ауылішілік жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға жергілікті бюджеттен 1,4 млрд.теңге бөлінген.

Газдандыруды аудандар бөлінісінде сөз етсек, Жамбыл ауданында 61 елді мекеннің 40-ына газ жеткізу міндеті тұр. Қазіргі кезде 20 ауылға газ желілері тартылып, газдандыру жүріп жатыр. Мұндағы көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 83 пайыз шамасында.

Қарасай ауданында газбен қамтылуға тиіс 47 елді мекеннің 44-іне табиғи газ желісі тартылып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өңірдегі 22 елді мекеннің газбен қамтылуы шамамен 73,4 пайыз.

Талғар ауданындағы 43 ауылдың тұрғындарын газбен қамту жоспарланған. Бұл жұмыстар қазір 25 ауылда қызу жүруде. Осы 25 елді мекендегі тұрғын үйлерді газдандырудың орташа көрсеткіші 66 пайызды құрап отыр.

Еңбекшіқазақ ауданында 65 ауыл көгілдір отынның игілігін көреді деп межеленген. «Қаз-ТрансГаз-Аймақ» АҚ-ның инвестициялық қаржысына «Есік» және «Шелек» АГТС-тары салынды. «Есік» АГТС-і арқылы 64,6 мың тұрғыны бар 32 ауылды газға қосу жоспарланған. Есік қаласы мен Түрген ауылын газдандыру басталды. Инвестиция қаржысы есебінен Есік қаласына дейінгі 8 шақырымға газ жеткізу құбыры, 70 шақырым ауылішілік желілер салынып, 1200 абонент қосылса, Түрген ауылына дейінгі 8,6 шақырым газ жеткізу құбыры төселіп, оның игілігін 400 абонент көруде. «Шелек» АГТС-і арқылы Еңбекшіқазақ ауданындағы халқының саны 31,6 мың болатын барлығы 19 елді мекенді газдандыру көзделген. Бүгінгі күні инвестор газдандыру жұмысын бастады. 35 шақырымға құбыр төселіп, газға 600 абонент қосылған. Жалпы Еңбекшіқазақ ауданын толық газдандыру 2025 жылға дейін жүргізіледі.

Панфилов ауданында 31 елді мекен көгілдір отынды пайдаланады деп жоспарланған. «Қаз- ТрансГаз-Аймақ» АҚ-ның инвестициялық қаржысы есебінен «Жаркент» АГТС-і салынды. «APLConstruction» ЖШС-нің қаражатына Жаркент қаласына дейін газ жеткізу құбыры мен қалаішілік газ жүйелері жүргізілуде, қазір 90 шақырымы төселді, табиғи газды 283 абонент пайдаланып отыр. Мұнда салынған инвестицияның жалпы сомасы 5,642 млрд. теңге.

Ұйғыр ауданында 25 елді мекеннің 23-і газ тартуды қажет етеді. «Азия Газ Шонжы» ЖШС-нің жеке қаржысына «Шарын» АГТС мен Шонжы ауылына дейін жоғары қысымды магистралды жеткізуші газ құбыры салынды. Бүгінгі күні Шонжы ауылын газдандыру деңгейі 50 пайызды құрап отыр. Ауылішілік желінің 33 шақырымы төселді. Қазір 9 ШГТП (шкаф типті газ тарату пункті) іске қосуға дайын. Газбен қамту жүйесіне 20 абонент қосылған. Өндірістік жұмыстар кестесіне сәйкес 60 абонент жақын күндерде қосылады деп жоспарлануда.

Қапшағай қаласында «Алматы-Байсерке-Талғар» МГ-дан тартылған ұзындығы 38 шақырымдық «Байсерке-Қапшағай» газ бұру құбыры іске қосылды. Жоба 4,5 млрд. теңге жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Инвесторлар Қапшағайда 3,5 шақырым қалаішілік желілерді жүргізіп, газға 1195 абонент қосылды. Қапшағай қаласын толық газдандыру 2022 жылы аяқталады. Сонымен қатар 2019 жылы Заречный кентіне газ жеткізілген болатын, қазір абоненттерді қосу мен кентішілік желілер тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Кербұлақ ауданында көгілдір отынды 24 елді мекенге жеткізу көзделген. Өткен жылы «Сарыөзек» АГТС пен ұзындығы 61,4 шақырым газ жеткізу құбырлары іске қосылды. Жалпы құны – 4,6 млрд.теңге. Сарыөзек кентінің ішіндегі газ желілерін салуға ЖСҚ дайындалды. Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд.теңге, биылғы жылы жобаны бастауға 100,0 млн.теңге қарастырылды.

Балқаш ауданында 16 елді мекен газдандырылады. 2019 жылы «Бақанас» АГТС пен ұзындығы 51,2 шақырым газ жеткізу құбыры іске қосылды. Жалпы құны – 2,9 млрд. теңге. Бақанас ауылында ауылішілік газ желісі құрылысының ЖСҚ-сы жасалған. Жобаның жалпы құны 1,1 млрд. теңге, биылғы жылы жобаның басталуына 100,0 млн.теңге бөлінді. Ақдала, Миялы, Бақбақты, Бояулы, Бірлік ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары бюджет қаржысы есебінен аяқталды. Жалпы құны – 205,1 млн. теңге.

Қаратал ауданында да 17 елді мекен газдандырылуы тиіс. «Үштөбе» АГТС іске қосылып, газ жеткізуші құбыр 44,7 шақырымға тартылды. Қазір Үштөбе қаласының ішінде желілер тартудың тиісті құжаттары дайындалу үстінде. Бюджет қаржысына Қанабек, Жаңаталап, Ескелді би, Қызылжар, Ортатөбе, Фрунзе, Оян, Кәлпе, Көкдала, Тастөбе ауылдарына газ тарту жұмыстарының ЖСҚ-сы аяқталып қалды. Жалпы құны 408,3 млн.теңге болатын жобаны бастауға 251,2 млн.теңге бөлінді.

Ал Көксу ауданында 13 елді мекенге газ жеткізілуі тиіс. Қазіргі кезде табиғи газдың игілігін Балпық би кентінің 290 отбасы көріп отыр, жалпы газға 3050 абоненттің қосылуына мүмкіндік жасалған. Алдағы уақытта Мұқыры, Жамбыл, Амангелді, Бесқайнар, Көксу, Мәмбет, Мұсабек, Еңбекшіқазақ ауылдарын газға қосудың тиісті құжаттары әзірленді. Жалпы құны 268,6 млн. теңгелік жобаға әзірге 210,8 млн. теңге бөлінді. Сол сияқты инвестициялық қаржыға Балпық би ауылының абоненттерін жылумен қамтитын «Көксужылу» қазандығын іске қосу жұмыстары жүргізілді.

«Талдықорған-Текелі» газ бұру құбыры арқылы көгілдір отынмен қамтылатын Текелі қаласы мен Ескелді ауданында да газдандыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Газ құбыры өткен жылы іске қосылған болатын, жалпы құны – 1,2 млрд. теңге, ұзындығы – 31,3 км.

Текелі қаласын газбен толық қамту үшін облыс әкімі бюджет қаржысына жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға, одан әрі газ тарату желісінің құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізу туралы шешім қабылдаған болатын. Биылғы жылы ЖСҚ дайындауға 10 млн. теңге бөлінді, конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Сол сияқты бюджет есебінен Ескелді ауданындағы 8 ауылдың – Бақтыбай, Алдабергенов, Қаратал, Екпінді, М.Байысов, Көкжазық, Теректі, Өрқусақ елді мекендерін газдандыру жұмыстарының ЖСҚ-лары аяқталуға жақын. Бұл жұмыстарға қажетті 260,6 млн.теңгенің әзірге 90,9 млн.теңгесі бөлінді.

Кеген және Райымбек аудандарына да көгілдір отын жеткізу жоспарда бар. Мұнда 17,4 мың адамды қамтитын 23 елді мекен табиғи газды пайдаланатын болады. Қазіргі кезде «Шелек-Кеген» магистралды газ құбырының құрылысы» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға 52,1 млн. теңге бөлініп, құжаты дайындалып жатыр. Газ құбырының ұзындығы – 117,5 шақырым.

Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары тұрғындарының газға қол жеткізіп, қуанатын шағы алыс емес. Осы аудандарда 231,3 мың тұрғынды қамтитын 74 елді мекенді газдандыру мақсатында «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы» жобасының ТЭН-і дайындалу үстінде, бұл мақсатқа 96,9 млн.теңге бағытталды, бұл газ құбырының ұзындығы 224 шақырым болмақ.

Облыс орталығында да газдандыру ісі белсенді жүргізілуде. Жоба IV кезеңге бөлінген, I-III кезеңдер іске қосылды. Қазір Талдықорғанда 54 275 абоненттің 47 907-сінің газға қосылу мүмкіндігі бар, 10 972 абонент пен 60 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын газға қосылған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, биылғы жылы IV кезегінің 20, 21, 22-ші іске қосу кешендерін аяқтау жоспарланып, оған 839,2 млн. теңге бөлінген. Газдандырумен барлығы 6,4 мың абонентті қамту жоспарланған. Сол сияқты құрылыс жұмыстарының 2-кезегінде «Ынтымақ» шағынауданы мен 3-бөлімшенің, сонымен қатар «Жастар-2» шағынауданының да газдандыру жобасын дайындау конкурсы аяқталуға жақын. Оған жергілікті бюджеттен 68,2 млн.теңге бөлінді. Сол сияқты көпқабатты тұғын үйлерді сығылған газдан табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылдың 10 сәуіріндегі жағдай бойынша олардың саны 73 көпқабатты үй немесе 3587 пәтер. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, 119 көпқабатты үй немесе 7092 пәтер табиғи газға ауыстыруға дайын.

Атап өтсек, қаланы газдандыру барысында туындаған проблемалық мәселелерді шешу үшін абоненттерді табиғи газға қосу жөніндегі қалалық штаб ұйымдастырылған, оның құрамына Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ, «ЖетісуОблГаз» ЖШС, қаланың монтаждау және мердігерлік ұйымдарының өкілдері енгізілген.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА,

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы

Сурет ғаламтордан алынды