"ПАЙЫЗҒА СЕНБЕҢІЗ": НЕСИЕ АЛМАС БҰРЫН СІЗ БІЛУІҢІЗ ТИІС ЖЕТІ АНЫҚТАМА

Уақыты: 02.05.2020
Оқылды: 1460
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қарапайым халықтың қаражаттан қысылған уақытта барар жері – банк бөлімшесі. Ағайын-туғаннан қарыз сұрап, қарым-қатынасты құртқанша, мемлекетке қарыз болайын дейді. Қазір тіптен ұялы телефон арқылы да несиені рәсімдеуге болады. Көпшілігінің аса мән бермейтіні – пайызы. Жарнамадағы жылына 8 пайыздан дегенге алданып, соңынан пайыздық мөлшерлемесі 30-ға жақындағанын білмей қалып жатады. Осы орайда пайыздық үстеме, ол неге байланысты бекітеледі, әр тұтынушыда әртүрлі ме деген сұрақ туындары сөзсіз. Көкейдегі сауалдарымызға жауап іздеп көрген едік.

НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

Жалпы пайыздық үстеме, жоғарыда айтқанымыздай, әр тұтынушыда әртүрлі. Ол біріншіден несие рәсімдеушінің, яғни, клиенттің атында қанша несие барына мән беріледі екен. Одан кейін барып айлықты қай банктен алады, несие тарихы қандай деген сауалдар төңірегінде анализ жасалынады. Осы орайда банк пайызына алданып қалмау жөнінде сала мамандарымен де тілдескен едік.

– Кейбір банктерден несие алсаң, алғаныңды пайыздық үстемесімен екі есе қылып қайтарасың. Аталған салада жүргеннен кейін «Home bank», «Kaspi bank» пайыздық үстемесі жоғары екенін байқадым. Мысалы, 500 мың алсаң, оның үстіне қоса 750 мың қылып төлейтін кездер болады. Барлығы пайыздық мөлшерлемеге байланысты. Ал кейбір банктің проценті төмен. «Сбербанк», «Forte bank» пайыздық мөлшерлемесі төменірек келеді. Клиенттің қай банкке барып қызмет алғысы келетініне де байланысты, – деген елімізге белгілі бір банктің менеджері жүргізілген зерттеулерге тоқталды.

Оның айтуынша, «Kaspi bank»-тен 10 адам несие алып, оның 7-уі төлемейді. Қалған 3 адам үстіндегі артық төлем арқылы төлемейтін 7-нің несиесін жауып отырады екен. Жоғарыда айтылған пайызы төмен деген банктің бірінен 2,5 млн.теңге несие алдыңыз. Оны 5 жылға ең жоғары пайыздық мөлшерлемемен алдым дегеннің өзінде үстінен 1 млн.900 мың шығады. Яғни, 2,5 миллионыңызды 4 млн.400 мың қылып қайтарасыз.

– Банктердің тілімен айтсақ, «Зарплатный проект» деген ұғым бар бізде. Яғни, клиент өзі жалақы алатын банктен несие рәсімдейтін болса, пайыздық мөлшерлемесі аз. Ең жоғары дегенде 19 пайызбен алады. Жоғарыда айтылған 2,5 миллион бойынша есептеп көрейік. Жылдық мөлшерлемесі 19 пайызбен 5 жылға рәсімдедіңіз делік. Ай сайынғы төлем 66 мың теңгеден айналады. Егер тура осы сома басқа банктен айлық алатын клиентке рәсімделсе, онда 25 пайызбен есептеледі. Барлық банктердің де «процентный ставкасы» шамалас, – деген банк қызметкері бұл пайыздық мөлшерлеме тек несиеге ғана байланысты екенін ескертеді. Ал депозиттің мөлшерлемесін Ұлттық банк бекітеді екен. Әр банктікі әртүрлі.

ҚАРЖЫ СӨЗДІГІ

Елімізде қазір әр екінші отбасы несие төлеп отыр. Қаншама адам төлемді кешіктіріп, басы дауға қалады. Банктер де үнемі жаңа маркетингтік әдістерімен түңілуге түрткі болуда. Кредит алғанда неге сақ болып, неге көңіл аудару қажет деген терминдерді топтастырып шықтық.

Қарыз алушы – кәсіпкерлік қызметке, тауар алуға, қызмет көрсетуге қатысы жоқ қарыз алатын жеке тұлға. Қарыз алушы банкпен несие шартын жасаған күннен 14 күннің ішінде қарызын алған күннен бастап есептелген сыйақыны төлей отырып, айыппұлсыз қарызды қайтаруға құқылы екендігін біле бермейді.

Төлем және төлем қабілеттілігі. Банкке бармас бұрын бағалайтын бірінші нәрсе – несиелік шарт емес. Ең бастысы – өзіңнің төлем қабілеттілігіңді түсіну! Ай сайын қанша сома төлеуге шамаңыз келеді? Мамандардың айтуынша, алатын несиенің төлемі отбасылық бюджеттің 20 пайызынан аспауы керек. Яғни, ол сіздің өмір сүруіңізге кедергі келтірмейді.

Кей кездері егер ай сайынғы төлем қарыз алушының табысының 50 пайызына тең болса да, банк оң шешім қабылдайды. Бұл деңгейден шығуға жол берілмейді. Әуелі өз табысыңыз мен мүмкіндігіңізді бағалап барып, мойынға қамыт ілген дұрысырақ. Егер несие ұзақ мерзімді, ал сома үлкен болса, онда резервтік қор құрып, бірнеше төлемге жетерлік соманы депозитте ұстаған дұрыс. Кенеттен ауырып қалсаңыз, жалақыны кешіктіргенде қарызға белшеңізден батпау үшін сізде 3-4 айға жетерлік қор болады.

Сыйақы мөлшерлемесі. Біріншіден, жарнамаға мүлдем көңіл аудармаңыз. Мәселен, «Жылына 8 пайыз» деген керемет ұсыныстың астарында небір комиссиялар бар, ал іс жүзінде айырмасы одан да көп болуы мүмкін. Оны жоғарыда банк қызметкері де айтып өтті. Пайызға сенбеңіз, оданша қарыздың нақты құнын көрсететін жалғыз көрсеткішке жүгініңіз. Ол – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ). ЖТСМ неғұрлым төмен болса, несие шарты да соғұрлым тиімді. Заң бойынша көрсеткіш міндетті түрде ескертпе мен келісімшартта көрсетіледі және 56 пайыздан аспауы тиіс.

Несие мерзімі. Несие мерзімі көп болса, ай сайынғы төлем азырақ болады және үлкен сыйақы сомасы банкке ауысады. Шарттарды зерттеген кезде кеңес берушіден әртүрлі мерзімдегі есептеуді көрсетіп беруін сұраңыз. Оны банктік онлайн-қызмет арқылы да жасап, қарауға болады.

Артық төлеу. Бұл қолыңызға тиген қаражаттан артық қанша ақша төлейтініңізді көрсететін сома. Несие алмас бұрын осыны есептеп алыңыз. Бұны несиелік онлайн-калькулятордың көмегімен жасауға болады. Ең бастысы – пайыздық шартты, комиссияны және басқа да төлемдерді дұрыс көрсету керек.

Кейінге қалдыру. Кешіктірілген күннен бастап 30 күн ішінде қарыз алушы банкке несие төлеуді кейінге қалдыру туралы немесе төлемді өзгертуге өтініш жазуға қақысы бар. Мәселені түсіндіріп, төлем қабілетсіздігінің себебін анықтайтын құжаттарды қоса беру керек. Дегенмен, банк сіздің пайдаңызға шешім қабылдайды деп ешкім де кепіл бере алмайды.

Кепіл. Ол кез келген мүлік болуы мүмкін, сондай-ақ, заттар мен мүліктік құқықтар. Ипотека – кепілдіктің бір түрі, мысалы, тұрғын үй кепіл ұстаушының иелігінде және пайдалануында қалады. Кепіл туралы келісімшарт міндетті түрде жазылады.

ҚАУІПСІЗДІК

Енді банк қызметін тиімді пайдаланып, кредиттік орға құлап кетпеу үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтаңыз. Ең бірінші төлемдік қабілетіңізді және ай сайын қолыңыз қалтырамай төлей алатын соманы анықтап алыңыз.

Қолайлы сома – табысыңыздың 15–20 пайызы. Мысалы, жалақыңыз 150 000 болса, ай сайын 30 000 төлеген қиын болмайды. Ал 50 мың болса, қиналып қалуыңыз әбден мүмкін. Ал мақұлданған жоғары төлем шамамен 75 000 болуы мүмкін. Бірақ тосын жағдайларға жинаған қосымша ақшаңыз болмаса, бұған келіспеңіз.

Несие рәсімдегенде комиссияның мөлшерімен, сақтандыру және басқа да шығындармен танысыңыз. Ондай ақпаратты банк менеджерлерінен алуға болады. Келісімшартты мұқият оқыңыз. Оның қосымшасын да асықпай, мұқият қараңыз. Кейде ондай шарттар банктің сайтында тұрады. Түсінбеген жерлерін кеңес берушіден сұраңыз.

Егер қарызды мерзімінен бұрын төлеуді жоспарласаңыз және бастапқыдан үлкен сома төлеуге дайын болсаңыз, онда (мүмкіндік болса) сараланымдық өтеу әдісін таңдаңыз. Сонда пайыз аз сомаға қосылады. Дегенмен, оның айырмашылығын тек несие кезеңі ұзағырақ болған жағдайда білесіз, мысалы, бес және одан да көп жыл болса.

Несиені мерзімінен бірнеше күн бұрын төлеуге тырысыңыз! Көлік кептелісі, мереке күндері, жүйенің бұзылуы және басқа сәтсіздіктер қырсыққанда тап төлем күніне сай келе қалатыны бар. Ал төлемді кешіктірсеңіз, ол жалпы сомаға және сіздің несиелік тарихыңызға теріс әсер етеді.

Егер сіз ипотека немесе ұзақмерзімді несие алуға шешім қабылдасаңыз, депозитте бірнеше төлемге арналған қаражат сақтап қойыңыз. Бұл ақша қысыл-таяңда сізді құтқарып қалады. Кредит төлеудің бүкіл кезеңінің қаржылық жоспарын жасап қойыңыз. Бұл қажетсіз зат сатып алудан, шығыннан сақтайды.

P.S: Өткен жолы несиені оңай жабу жолын зерттеген едік. Енді, міне, пайыздық мөлшерлемеге де назар аудардық. Мұның алдында да бірнеше рет несие туралы қызықты зерттеу жасағанбыз. Қысқасы, банк те ақымақ емес. Ол да пайда тапқысы келеді. Ұттым деген сіздің ұтылып қалуыңыз ғажап емес. Несиеңіз оңай төленсін!

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды