ИНВЕСТОРЛАР ДАЙЫН: ҮКІМЕТТЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 20.11.2020
Оқылды: 963
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен селекторлық жиында ішкі туризмді дамыту мәселесі талқыланды. Оған аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Жиында әуелі 2-3 жыл ішінде Алматы тау кластерінде жүзеге асырылатын жобалар мен инвесторлардың ұсынысы қаралды. Мамандардың айтуынша, алдағы бірнеше жылда инвесторлардың көмегімен еліміздегі туризмді дамытуға 50 млрд.теңге жұмсалады. Желтоқсан айында Іле Алатауында туристік орталық ашылады. Онда инвесторлардың көмегімен 10 млрд.теңге жұмсалады деп көзделіп отыр. Ал инвесторлар келесі жылдан бастап жұмысқа кірісуге дайын. Олар тек жол мәселесі жөнделсе деген ұсыныс білдірген. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Шеңгелдіден туристік орталыққа дейінгі жолдың жөнделуіне көмек көрсететіндігін айтты. Ал Көлсайдағы туризмді жандандыруға инвесторлар 5 млрд.теңге қаржы құюға дайын. Олар Көлсай мен Қайыңдыдан бөлек, Сатыдағы туризмді дамытуды көздеп отыр.

Жиын барысында Шымбұлақ, Шонжы, Алакөл көлі, Алтынемел, Шарын өңірлеріндегі туризмді дамыту жұмыстары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, облыс тарапынан атқарылатын Қайыңды көліне дамбы тұрғызу, полигон салу сияқты өзекті мәселелер де айтылды. Инвесторлардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстары мен жоспарлары қаралды.

Соңында аймақ басшысы: «Шалқыған көлі, асқақ тауы, ну орманы, шалқар даласы мен салқар құмы араласқан Жетісу өңірінің табиғаты адамды баурап алады. Киелі мекен туризмді дамытуға қолайлы өңір болғандықтан көтерілген мәселенің барлығы біздің облысқа қатысты. Сондықтан біз тарихи, көрікті жерлеріміздің көптігін тиімді пайдаланып, туризмді дамытатын нысандарға әлеуетті инвесторлар тарта білуіміз керек. Инвесторлар жаппай ішкі туризмді дамытуға көшті. Қаншама қаржы бөліп жатыр. Сондықтан көтерілген мәселелер бойынша әр нысанда қандай жұмыстар атқарылатынын қадағалаңдар», – деп жауапты мамандарға Алтынемел жолы, Кеген ауданындағы полигон, Қайыңдыдағы дамбы жұмысына жіті көңіл бөлу керектігін тапсырды. Сонымен қатар, инвесторлардың барлығын шақырып, алдағы жұмыстарымен танысу керектігін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан