АЛМАТЫ МАҢЫНА ТАРТЫЛҒАН ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫНЫҢ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Уақыты: 22.11.2020
Оқылды: 950
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аудан көлемінде Қазақстан Республикасы Табиғи монополияны реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өлкеміздегі инвестициялық жобалардың орындалу барысына бақылау жүргізілді. Бұл жолы «Алматыгазсервис-Холдинг» акционерлік қоғамының тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған жобалары назарға алынды.

«Алматыгазсервис-Холдинг» акционерлік қоғамы көгілдір отынды тасымалдау және тұтынушыларға жеткізумен 1999 жылдан бері айналысып келе жатқан ірі табиғи монополистердің қатарында. Табиғи газды тасымалдаудың ұзақмерзімді тарифін белгілеу мен бекіту мақсатында 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жасалып, Қарасай, Іле және Жамбыл аудандарына қарасты газ құбырларының тұрақты жұмысы мен тұтынушыларды көгілдір отынмен үзіліссіз қамтамасыз ету жобасы бекітілгені белгілі.

– 2015 жылы қолданыстағы газ желілерінің өткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін құбырларды ауыстыру, жаңалау және заманауи қондырғылар орнату арқылы қауіпсіз әрі экономикалық жағынан тиімді жүйе қалыптастыру мақсатында бес жылға арналған инвестициялық жобаны бекіткен болатынбыз, – дейді Табиғи монополияны реттеу мен бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы облыстық департаменті директорының орынбасары Думан Қалибеков. – Осы жобаға Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы тарапынан 1 313 310,4 мың теңге көлемінде инвестиция бөлінді. Өткен үш жыл ішінде жекелеген өзгерістерді есепке алғанда ұзақмерзімге арналған жобаның 984 982,8 мың теңгесі толықтай игерілді. Яғни, бөлінген қаражаттың 75 пайызы өз мақсатына жұмсалды деуге болады. Біз осы жұмыстардың жасалу мерзімі мен сапасын анықтау мақсатында келіп отырмыз.

Алматы қаласының төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындар саны жыл өткен сайын еселеп артуда. Кезінде жүргізілген газ құбырлары қажетті көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан, желіні өткізу қабілеті жоғары құбырлармен алмастыру мәселесі маңызды. 

«Алматыгазсервис-Холдинг» акционерлік қоғамының президенті Айна Сексенбаева, кәсіпорынның бас инженері Валерий Сағымбаев бастаған топ алдымен Іле ауданына қарасты КазЦИК ауылына ат басын тіреді. Мұнда Ә.Бейсеуов, Ы.Алтынсарин және Қабанбай батыр көшелеріндегі алмастырылған газ құбырларымен, заманауи  қондырғылармен танысты. Мұнда құны 31 млн.148 мың теңге болатын жұмыс толық аяқталып, желі пайдалануға берілген.

Осыдан кейін Комсомол елді мекенінен Төле би ауылына тартылған, құны 58 млн.теңгеге жуық көгілдір отын желісін көріп, мамандардың бағасын тыңдадық.

Арнайы топтың сапары Қарасай ауданында жалғасын тапты. Мұнда Жамбыл ауылындағы Жамбыл көшесі, Батан ауылындағы Саламатов көшесі тұрғындарына тартылған жаңа құбыр, Қаратөбе елді мекенінде жаңадан жүргізілген көгілдір отын желісі, Әйтей ауылындағы Жамбыл, Наурыз және Бәйтерек көшелерінде жасалынған жұмыстар тексерушілердің назарына ұсынылды.

– Күн суытқанша жылудың жайын ойламай жүріп, қар түскенде ғана байбаламға басатынымыз бар. Қыстың күні құбырмен келетін көгілдір отынның қысымы төмендеп, тұрғындар жылусыз қалмау үшін ескі әрі жіңішке құбырларды айырбастап жатырмыз. Инвестициялық жобада көрсетілген, биылға жоспарлаған шаралардың барлығы толықтай аяқталды. Алдағы айларда осы құбырлардың үзіліссіз қызмет көрсетуін, апатты жағдайларда тез арада қалпына келтіруді қамтамасыз ететін боламыз. Жалпы, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз, – дейді бас инженер Валерий Юбилярұлы.

Қыр астына келіп қалған қыс мезгілінде аталған аудандардың халқы көгілдір отыннан тапшылық көрмейді деп сенеміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Іле, Қарасай аудандары

Алматы облысы