КӨШПЕЛІ БРИФИНГ: ЖУРНАЛИСТЕР ҚАРАТАЛ АУДАНЫН АРАЛАП ҚАЙТТЫ

Уақыты: 23.11.2020
Оқылды: 1000
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Жетісу Медиа» ақпараттық алаңы ұйымдастырған көшпелі брифинг қасиетті Қаратал өңірінде жалғасын тапты. Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бұлдыбаев ақпараттық топты ауданға кіреберістегі су бөгетінен қарсы алды.

Қаратал ауданы егін шаруашылығымен айналысады. Осы орайда шаруалардың ең маңызды мәселесі су. Міне, осы жұмыстарды қалпына келтіру бойынша Көксу, Тентек, Қаратал өзенінің қосылу тұсында 1940 жылы салынған су бөгеті күрделі жөндеуден өтуде. Қайрат Найманбайұлы жөндеу жұмыстары жайлы толықтай мәлімет беріп, жұмыс барысымен таныстырды.

Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен қолға алынған су бөгеті аяқталуға таяу. «Темірбетон» ЖШС-ның қызметкерлері нысанды жыл соңында пайдалануға береміз деп отыр.

Барлық техникалық құрылғылары жаңаланған су бөгеті іске қосылғанан кейін қараталдық шаруалар келер жылы су тапшылығын көрмейтін болады. Жалпы аудан бойынша 21 мың гектар суармалы жер бар. Бүгінде бұл шаруашылықтар дәнді дақылдың бірнеше түрін өсіріп отыр. Әсіресе, күріш өсіру жағынан облыс бойынша алдыңғы қатарда. Күріштің жетіден аса сұрыпын өсіреді.

Осындай ірі шаруашылықтың бірі - «Үштөбе» ЖШС. Биылғы жыл егіншілер үшін оңай болған жоқ. Әлемді жаулаған пандемия, одан қалды құрғақшылық алқымнан алды. Әйтсе де, «Үштөбе» ЖШС қиындыққа қарамай 1800 тонна күріш алған. Бұдан бөлек, жүгері, май бұршақты да жылдағы жоспардағыдай жинап алды. Қазіргі кезде күрішке деген сұраныс көп дейді «Үштөбе» ЖШС-нің директоры Арман Ахметбаев. Компания өнімдерін облыс бойынша барлық сауда орындарына өткізеді және Алматы қаласынан да тапсырыс көп көрінеді. Мемлекттің қолдауымен «Жетісу» ӘКК арқылы лизингке үш комайн, 6 трактор алған. Науқан кезінде 70 адамды жұмыспен қамтиды.

Биылғы жылы Қаратал ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 28 нысанға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында, республикалық бюджеттен 874 051,0 теңге бөлінді. 28 нысанның 16-на орташа жөндеу жұмыстары 100%-ға аяқталды. Қалған объектілерге асфальтты төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан кейін ақпараттық топ Үштөбе қаласында салынып жатқан 20 жеке жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын аралап көрді. Көпбалалы отбасына берілетін үй толықтай аяқталған. Мердігер «Қолғанат Құрылыс» ЖШС-нің айтуынша алдағы айда жиырма отбасы қоныстойын тойлайтын болады дейді. Қазіргі уақытта тек абаттандыру, қоршау жұмыстары ғана қалған. Қалаға көрік беріп тіз қатар тізілген жаңа аудан, одан ары да ұлғая бермек.

ҚР Президенті өз сөзінде әлемдік стандарттар бойынша білім беру жүйесін құра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Міне, осы тапсырмаға сәйкес Бастөбе сервистік-техникалық колледжінде жаңа жатақхана бой көтерді. Бастөбе ауылында орын текпкен колледж студенттерді жеті мамандық бойынша дайындап шығарады. Білім ордасында 313 студент, 18 мүғалім, 13 шебер жұмыс істейді. Студенттерін жұмыспен қамту жағы 72% құрап отыр. Сонымен қатар, Бастөбе сервистік-техникалық колледж биылғы жылы аудан аймағынан арнайы жер алып, қылша өсірген. Ал су жаңа салынған студенттер жатақханасы адамның көзін қызықтырады. 50 орынға арналған жатақханада барлық жағдай қарастырылған.

Бір секцияның ішінде екі бөлмесі, арнайы асханасы және жуынатын бөлме орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі студенттерге де қолайлы жағдай істелген. Олардың бөлмесінде арнайы екі орын күтушісіне арналған. Сонымен қатар, жаттығу залы, оқу залы, демалыс бөлмесі және кір жуу бөлмесі орналасқан. Барлығы автоматтандырылған, кір жууға арнайы жұмысшылар тартылған. Кітапхана қоры да келген адамның көңілін көтереді. Білім алам деген студентке оқулық жеткілікті. Кітап қоры - 22 мың, барлығы су жаңа кітаптар.

Ауданда шағын және орта бизнес те қарқынды даму үстінде. Мәселен, жеке кәсіпкер «ЛАД» жаңа кондитерлік цех ашқан. Жеке кәсіпкер Агафья Ли жетекшілік ететін кәсіпорын кондитерлік-кулинариялық өнімнің елуден аса түрін өндіреді. Ауданда тұрғын-үй мәселесі де кезең кезеңімен шешімін тауып келе жатыр. «Шаңырақ» шағын ауданында 30 пәтерлі тұрғын үй өз иелерін асыға күтуде. Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысы жаңаша көрік берген. Көп қабатты үйлердің ауласы жөнделіп, балалар алаңшасы салынған. Сан жылғы тұрғындардың өтініші орындалып, балалар қауіпсіз және еркін ойнауға арнайы әткеншектер, жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына «Стрейд-воркауд», үлкендердің демалысына орындықтар қойылып, ауқымды іс жемісін тапқан.

Қаратал ауданында ең ірі шаруашылықтың бірі - «ТастөбеАгроФуд» ЖШС. 2004 жылы бастау алған жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бүгінде қарқын алған. Алғашында 490 бас сыйырдан бастаған шаруашылық бүгінде ірі қара басын 1000 басқа жеткізді. Мұнда «Симменталь» тұқымы, тек сүтті бағытта. Қора жайы барлығы заман талабына сай автоматтандырылған. Сексеннен аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне бір сиырдан 21-21 литр сүт сауылады. Майлылығы 3,9% құрап отыр. Сүтті Талдықорған қаласындағы «JLC Сүт» серіктестігіне өткізеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 110-120 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта шаруашылықты одан ары ұлғайтып, жұмысшы саны да артпақшы. Қазыр шаруашылық басшылары өздерінің жұмысшыларына арнап үй салуды жоспарға алып отыр. Бұған дейін де тұрғын-үй мәселесі қолға алынған болатын, ендігі жерде санын арыттыруды көздейді.

Серіктестіктің директоры Шыңғыс Ахметовтың айтуынша, мемлекет тарапынан субсидиялар алып, даму көрсеткішін ұлғайтылған. 31 техникамен жаңартылып, барлық жұмыс автоматтандырылған. Тағы да шет мемлекеттен сүтті бағыттағы сиырлардың келуін күтіп отырған секілді. Мал тұқымы да сырттан келіп, қолдан ұрықтандырылады. Ферманың ішінде барлық талаптар сақталған. Әсіресе санитарлық қағидалар қатаң бақыланып, сырттан бөтен адамның кіруіне рұқсат жоқ. Малдың жем-шөбінің жартысын сатып алса, жартысын өздері дайындайды. Бюджетке де қомақты қаржы құйып отыр.

Осындай ілкімді істерді аралатып көрсеткен аудан басшысы Қайрат Найманбайұлы пресс-тур соңында жалпы аудан эканомикасы жайлы қысқаша ақпар берді.

- Ауданда 30 елдімекен, 1 қала, 9 ауылдық округ бар. Биылғы жылы шығыс бюджетке 12 млрд.449 млн.теңгені жоспарлап отырмыз. Соның «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша ауданға 3 млрд.790 млн.теңге бөлінді. Өнеркәсіп бойынша өндіретін өніміміз жоспарлағандай 2 млрд.400 млн.теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 3 млрд.300 млн.теңгені құрап отыр. Ауданға жыл қорытындысы бойынша 8 млрд.680 млн. теңге инвестиция тартылды.

Бір сөзбен айтқанда, Қаратал ауданында ауыз толтырып айтатын жаңалықтар көп.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қаратал ауданы

Алматы облысы