ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА АБАЙ АТЫНДАҒЫ КӨШЕЛЕРГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

Уақыты: 26.11.2020
Оқылды: 1058
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Елімізде жұқпалы індетке қарамастан әлемдік деңгейдегі тұлғаны дәріптеуге байланысты түрлі іс-шара өтуде. Кемеңгер ойдың иесіне арналып мәдени шаралар ғана ұйымдастырылған жоқ, сонымен бірге, ақын атына берілген нысандарға жөндеу жүргізілуде. Бұл игі іс Қаратал ауданында да жалғасын тауып, Үштөбе қаласы мен ауылдық округтерде Абай Құнанбаев атындағы көшелер жөндеуден өтті.

Үштөбе қаласының орталығындағы Абай көшесіне салынған асфальттың тозығы жетіп, әбден ескірген еді. Жолдың екі жиегі мүжіліп, опырылып, кей жерлері ой-шұңқыр болып жататын.

Ерекше айта кетерлігі, ақын Абай көшесінің бойында А.Пушкин атындағы орта мектеп орналасқан. Жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) болмағандықтан, оқушылар күз-көктем мезгілінде жауын-шашын болғанда лай-батпақты кешіп, мектепке баратын. Әсіресе, қыста кеш ерте батады. Мұндайда оқушылар қараңғы көшемен сабаққа келіп, бойларын үрей билеп үйлеріне қайтатын.

Міне, биылғы жылы Абай көшесінің тұрғындары ғана емес, оқушылар үшін де күтпеген қуаныш орын алды. Абай Құнанбайұлы көшесіне жаңа асфальт салынып, жарық шамдар орнатылды. Аталған көшеге «Ақ сұңқар-ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толығымен аяқтады. Қазіргі таңда А.Пушкин атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңынан дейін аяқталса, балалар жаңа келбетке енген білім ордасымен қайта қауышпақ.

«SILK ROAD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Көкпекті ауылының Абай-1, Абай-2 көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жұрт игілігіне пайдалануға берген. Сондай-ақ, Тастөбе ауылындағы Абай көшесіне жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары толығымен жүзеге асқан. Иә, Абай жылы Үштөбе қаласы мен ауылдық округтерде ақын атындағы көшелер жаңа кейіпке еніп, тұрғындардың көз қуанышына айналды.

Қаратал аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Жармановтың айтуынша, биылғы жылы бюджеттік жоспарға сәйкес, аудан аумағындағы автомобиль жолдарына орташа жөндеу және ағымдық жұмыстарына 240 млн.теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілген.

Нақтырақ айтсақ, Үштөбе қаласындағы Пронин, Амангелді көшелеріне «Таған» ЖШС және Абай, Маяковский, Абдрахман ақын көшелеріне «Ақ сұңқар-ай» ЖШС орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толығымен аяқтады. Қала тұрғындары мен оқушы балалардың жүріп-тұруының ыңғайлы болуы үшін Абай және Абдрахман ақын көшелерінің бойына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, Үштөбе қаласындағы 9 көшеге, атап айқанда, Мира, М.Әуезов, Г.Котовский, Илийская, Жолбарыс батыр, «Мерей» шағынауданындағы Абай, «Балқаш» шағынауданындағы Медина, Бақай батыр көшелеріне және «Достық» шағынауданындағы А.Крылов көшесіне ағымдағы құм-тас төгу жұмыстары іске асырылды. Үштөбе қаласының Д.Қонаев, Абылай хан даңғылдарына, Қабылиса ақын, И.Кузнецов, М.Мақатаев, И.Байсақов, Жәлменде би, Жолбарыс батыр көшелері және Уштобинский шағын көшесіне ағымдағы шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Үштөбе қаласы бойынша 34 көшеге жол жолақтары мен жаяу жүргіншілер өткелдері сызылды.

Осылайша, Үштөбе қаласы мен ауылдық округтердің көшелері жөнделіп, елді мекендердің тұрпаты көріктене түсті.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы