ЖОЛ - ХАЛЫҚТЫҢ НЕ АЛҒЫСЫН, НЕ ҚАРҒЫСЫН АЛАТЫН МАҢЫЗДЫ ҚҰРЫЛЫС

Уақыты: 02.12.2020
Оқылды: 1153
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аспан асты елімен иық тірестірген айдынды да айбынды Алакөл ауданына қарай Талдықорғаннан тас жол тартылып, шығысқа қарай кете баратынын білеміз. Осынау Үшаралға дейінгі үш жүз шақырымды құрайтын жол өңірдегі туризм саласына да тікелей әсер етіп отыр деуге толықтай негіз бар. Әуе, темір жолдары арқылы ауданға қатынау мүмкін болғанымен олар барлық сұранысты қанағаттандыра алмайтыны жасырын емес. Бұндағы басты күре тамыр – тас жолға келіп тірелетіні тағы бар.

Талай жылдан бері елдің көмейінде жүрген тақырып 2018 жылы шешімін тапқан еді. Талды қаладан темір тұлпарын аудан айдынына кіргенше өкпең түсердей, жұлының үзілердей келетінсің. Көптің сұрауына да көңіл бөлініп, қазір сол азапты жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көгілдір көлінің арқасында республика аумағына, тіпті, әлем кеңістігіне танымал болған өңірдің тіреуші салаларының бірі – туризм. Сондықтан да бұл салаға кеңінен қолдау көрсету халықтың хал-ахуалының оңалып, экономикалық тұрғыдан да өрістеуімізге тікелей жөн сілтемек. Ал бұл ретте туристердің арлы-берлі қатынауы үшін жол мәселесінің маңызы бұрынғыдан да арта түспек.

Мәліметтерге жүгінсек, аудан аумағында әртүрлі маңыздағы 1448,3 шақырым автокөлік жолдары бар. Олардың 333 шақырымы республикалық, 534 шақырымы облыстық және 581,3 шақырымы аудандық маңызға тиесілі болып отыр. Қарап тұрсаңыз, едәуір көлем. Бұлардың күтімі мен жағдайына, халыққа қалыпты қызмет қылуына бас көз болу оңайға соқпасы анық. Бұған қоса аталған жолдарды 35 көпір мен 1753 құбырлы көпір кесіп өтеді.

Бір айта кетерлігі, жол сапасын қадағалау мақсатында ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Жол активтері ұлттық сапа орталығы жүйелі жұмыс атқаруда.

Мекеменің басты міндеті жол сапасын зерделеу, диагностика жасау, орташа жөндеу жұмыстары құжаттарына сараптама жүргізу, жаңа технологияларды енгізу. Сонымен қатар апат айтып келмейді демекші, төтенше жағдайлар кезінде де мобилизация жасау қызметтер қатарын толықтырып отыр. Бір ескере кететіні аталған орталық халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауға бас көз болудан бөлек, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін де бақылауда ұстайды.

Мекеме «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жаңа кезеңі бойына жұмыста бастап та кетті. Жоспар бойынша ел аумағында 9,8 мың ақырымға созылған жолды жөндеу ісі қолға алынған. Бұл ретте облыс көлемінде 18 жоба енгізіліп, солардың ішінде «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық» бағытындағы автожолдарын ретке келтіру жұмысы атқарылуда.

2018 жылы бастау алған ауқымды жұмысқа «Citic Construction Co.,Ltd» серіктестігі мердігер болып отыр. Ерекше айта кететіні, «Талдықорған – Үшарал» бағытындағы жолдың 65 шақырым асфальт қабаты уақытша пайдалануға берілді және 62 шақырым жол негіздемесі дайындалған. Жоба ауқымы қамтитын 19 көпірдің 60 пайызының, 179 су өткізгіш құбырлардың 80 пайызының құрылысы аяқталған. Дүйім халықтың басты тақырыбына айналған бұл аралықтағы жолды 2022 жылы аяқтау жоспарланған.

Аспан астын жайлаған алып мемлекетке қарай бастайтын «Үшарал – Достық» автожолының 0-30 шақырымы аралығында 12 шақырым айналма жол салынып, 5 шақырымында су өткізгіш құбырлары мен ескі асфальт жамылғысын қыру, демонтаждау жұмыстары қолға алынған. Бас мердігер ретінде «Қыран» ЖШС бекітіліп, бүгінге дейін 30-60 шақырым аралығында 53 су өткізгіш құбыр мен 1 көпірдің құрылысын ақтап, 30 шақырым жолды пайдалануға берді. Бұл жобаның да толықтай тәмамдалу уақыты 2022 жылға белгіленген. Сонымен қатар, «Үшарал – Достық» күре жолының 60-180 шақырымының аралығындағы 90 шақырымға айналма жол салу ісі де артта қалды. Қазір 7 шақырымына төменгі асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілген.

Аталған бағыттағы жолдардың жөнделуі ауданға, облысқа, республикаға да өте маңызды болып отыр. Сондықтан да «Жол активтері ұлттық сараптама орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жіті бақылауында тұр. Асфальт төсенішінің талапқа сай келуі, уақыт сыны мен түрлі табиғи жағдайларға төтеп беруі, ауа райының қолайсыздығы мен ауыр көліктерге қызмет көрсетуге қауқарлы болуы басты назарда. Себебі миллиардтаған қаржы бөлінген алпауыт жоба кемінде жарты ғасырдай уақыт шыдас беруі керек.

Жол салу өте жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Ең алдымен оның сапасы назарға ілініп, халықтың алғысына яки қарғысына ұрынып жатады. Бұл ретте ашықтықты қамтамасыз ете отырып, әділ әрі адал еңбек ететін мердігерлер үнемі елдің ыстық ықыласына бөленіп жүретіндігі мәлім. Бұл бағыттағы қызметтерде кемшілік болмауы аталған мекеменің тікелей міндеттерінің қатарына кіріп отыр.

Облыстық маңыздағы жолдарға келетін болсақ, 2020 жылы автокөлік жолдарын орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қарастырылған қаражатқа «Қабанбай – Лепсі» жолының 0-20 шақырымын аралығы, «Қабанбай – Көктұма» тас жолының 44-96 шақырым жоспар бойынша ретке келтірілуде. Алғашқы аталған бағыттағы жол толықтай аяқталып, пайдалануға берілген. Ал «Қабанбай – Көктұма» жолының 44-58 шақырымы аралығындағы 14 километрге асфальт төсеу жұмыстары атқарылды. 64-97 шақырымына жолдың негіздемесі жайылып, жиегіндегі қоршаулары орнатылуда.

Бұнымен қоса, облыстық маңыздағы жолдарда апатты деп танылған 9 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында «Қабанбай – Көктұма» аралығындағы 5, «Қабанбай – Лепсі» аралығындағы 1, «Төңкеріс – Көкжар –Голубев Запор» бағытындағы 3 көпір бар.

- Өңір халқының сұранысы мен қазіргі жолдың жағдайына байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негізінде біршама жұмыстар түңлігін түрді. Жоба аясында 15 жоба жол мәселесен шешіге бағытталды. Атап айтсақ, Үшарал қаласы және Ақши ауылдарында 2 көшеге күрделі және өзге ауылдардағы 13 көшеге орта жөндеу жұмыстары атқарылды, - дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Тұрғанов.

Ақши ауылындағы 11, 12 учаскелеріне толық асфалть төселіп, 4,8 шақырым жаяу жүргішілер жолының бардюрі, 150 данатүнгі көше жарық шамдары орнатылды. Үшарал қаласындағы Қазақстан көшесіне 100 пайыз асфалть төселді. Қазір арық латоктары мен жарық бағаналары қойылуда. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қабанбай ауылының 7 көшесінде орта жөндеу жұмыстары қолға алынып, пайдалануға берілді.

Жергілікті бэджеттен Үшаралдағы Рязанов, Ш.Айманов, Арқарлы ауылындағы Ш.Уәлиханов, Рахимов, Жыландыдағы О.Оспан, Қабанбайдағы Желтоқсан, Үшқайыңдағы Малтабаров көшелері мен Ақши ауылындағы көл жағалауындағы демалыс орындарына апаратын автокөлік жолдары реттелді.

Осы жұмыстардың арқасында өңірдегі облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 73,1 пайызға жетіп отыр.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы