АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЖЫЛҒА ДЕЙІН БІРНЕШЕ СПОРТТЫҚ НЫСАН АШЫЛАДЫ

Уақыты: 04.12.2020
Оқылды: 832
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында жыл соңына дейін 3 дене шынықтыру және сауықтыру кешені қолданысқа беріледі. Бұл туралы облыс әкімінң орынбасары Рустам Әли Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласындағы құрылыс нысандарын аралау барысында мәлімдеді.

Бүгінгі таңда облыста спортқа баса назар аударылған. Қазіргі уақытта аймақта 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 3 нысан қолданысқа берілмек.

Бірінші кезекте Рустам Әлиұлы Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылындағы кешен құрылысымен танысты. Бүгінде 95 пайызға құрылысы аяқталған нысанда 42 адам жұмыс істейді. Кешен ішінде күрес, бокс, жаттығу залдарынан бөлек, хоккей, тауға өрмелеу алаңдары бар. Қыркүйек айында басталған құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы сомасы 700 млн.теңге қаражат бөлінген.

Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталған. Тек құрал-жабдықтарды орналастыру, шаңын сүрту сынды ұсақ-түйек жұмыстары қалған. Тәуелсіздік күніне орай нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Аталмыш нысанның жер көлемі 2,6059 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарына бөлінген қаржы мөлшері – 1 073 353,6 мың теңге.

Екі қабатты ғимарат ішінде командалық ойынға арналған, бокс, жаттығу залдары бар. Сондай-ақ, медициналық массаж кабинеті де қарастырылған. Командалық ойынға арналған залда волейбол, баскетбол, гандбол, бадминтон, теннис ойнауға мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, көпсалалы кешен ішінде 124 көрерменге арналған трибуна орнатылан.

Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, барлық ойын түрлеріне тиісті спорттық құрал-жабдықтар қарастырылған. Көпсалалы залда 4 киінетін орын мен екі секциялық шкаф, ванна, шаш кептіретін фен мен қол кептіргішке дейін орнатылады. Одан бөлек, 33 адам жұмыспен қамтылады.

Келесі кезекте аймақ басшысының орынбасары Талдықорған қаласындағы спорт интернатына атбасын бұрды. Нысанда бүгінгі таңда 70 адам жұмыс істеуде. Күрделі жөндеу жұмысына 340 млн.теңге бөлінген ғимараттың жөндеу жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Оқу кабинеттері, спорт инвентар да жаңарған.

Іссапарды қорытындылаған Рустам Әлиұлы:

– Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес біз бірнеше нысан құрылысымен таныстық. Жыл соңына дейін Көксу, Қарабұлақ, Балқаш аудандарында дене шынықтыру және сауықтыру кешені қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Белгіленген мерзімде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау үшін қосымша жұмыс күші тартылды. Ең басты назарда болатын нәрсе – құрылыс жұмыстарының сапасы, – деді.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы