"СЕЛТ ЕТКЕН ЖОҚСЫҢДАР!" ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ӘКІМІ ТАҒЫ ДА СЫНҒА ІЛІКТІ

Уақыты: 07.12.2020
Оқылды: 950
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қаласының басшысы Ғалымжан Әбдірайымов Алматы облысы әкімінің алдында алдағы уақытта атқарылатын жобаларды тағы бір мәрте қорғап шықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыстық әкімдіктің фойесіне қаз-қатар тізілген стендтерге қарасаң, қарқынды істердің атқарылып жатқанын көруге болады. Келесі қадамға жоспарланған жобалардың да ауқымы керемет. Онда әр жобаның техникалық құжаттандырылуы, керекті қаржы мөлшері, басталатын және аяқталатын мерзімі, тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті мен қаланың көркеюіне қосатын үлестері тәптіштеп көрсетілген. Алайда олардың бірқатары облыс басшысы тарапынан қолдау тапса, енді бірқатары сараптамадан өтпей қалды. 

Жалпы, Талдықорған қаласы аймағымыздың айнасы іспетті. Кейінгі жылдары істелген тынымсыз жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы адам танымастай өзгеріп, түрленіп шыға келді. Қала көшелері жөнделіп, жаңа шағынаудандарда қаз-қатар тұрғын үйлер бой көтеріп, маңызды нысандар күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жұрттың ризашылығына бөленді.

Сол қатарда 6, 7-шағынаудандардағы жақсы жағдайды ауыз толтырып айтуға болады. Бұл игілікті іс алдағы уақытта да жалғасып, 8, 9, 10-шағынаудандардағы жаңалықтар қуанышымызды еселей түседі деп үміттенуге болар еді. Бірақ облыс әкіміне таныстырылған, келесі жылдан бастап құрылыс жұмысы жүргізіледі деп күтілген 9-шағынауданның жобасы орынды сынға ұшырады.

Жаңа ауданда құрылыс жұмысы басталады деп болжанған тұрғын үйлердің көркемдігі жанға жайлылығы заманауи тартымдылығы талапқа сай болмай шықты. Облыс әкімі әр жиналыс сайын қала басшылығы мен бөлімдерге қадағалап тапсырып отыратын 6, 7 шағынаудандарды абаттандыру жұмысы да мүлде қолға алынбағаны айтылды.

Биыл қала көшелерінің айналасын көркейту жұмысы жүйелі жүргізілмегені былай тұрсын, облыстағы ең таңдаулы делінген 28 ІТ орта мектеп-лицейі, «Көктем гранд» қонақүйі, музыкалық мектеп, облыстық театр ғимаратының аралығындағы атшаптырым аумақ ала жаздай шаңы бұрқырап аспанға ұшып жатқанына көзінің қиығы түскен адам болмады. Картадан сол жерді шұқып тұрып көрсеткен облыс басшысы:

– Осы жерді дала қылып қоймай, абаттандырудың жоспарын ұсыныңдар, тиісті қаржысын бөліп, көмектесейін деп қанша мәрте тапсырдым. Жыл бойы селт еткен жоқсыңдар. Қалаға келген қонақтар мен ары-бері жүретін жүргіншілердің көзіне бірден түсетін жерді абаттандыру туралы бір ұсыныс жасалмады, – деп ренжіді облыс әкімі.

Келесі стендке орналасқан "Қаратал" шағынауданындағы инфрақұрылымды жаңартуға қатысты жобаның да шикілігі көп болып шықты. Қала әкімдігі тарапынан ол маңға салынатын бірқатар құрылыстың нобайы жасалыпты. Солардың қатарынан "Қаратал" шағынауданында салынатын ІТ орта мектеп-лицейдің жобасы ғана облыс әкімінен қолдау тапты демесек, басқаларының ешқандай да әлеуметтік маңызы болмай шықты

Кейінгі жылдары қаламыздың аумағы өсіп, қала маңындағы елді мекендерде ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, Ынтымақ, Жастар-1, Жастар-2, Жастар-3, Жастар-4 сияқты елді мекендерге қоныстанған тұрғындардың саны артуына байланысты келеңсіздіктер де  қордалана түсіпті.

Ең алдымен, аталған жерлердегі жол мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Сонымен қатар, электр, су, газ желілерін тарту барысында да қиындық жетіп- артылады. Қала әкімі тарапынан бұл бағытта жүйелі жоспар жасалып кететін қаржы мөлшері есептеліп, техникалық құжаттандыру мәселесінің шешіліп жатқаны айтылды. Бұл жұмыстарды облыс әкімі құптағанымен Жастар-1 елді мекеніндегі су желісін тартуға байланысты орын алған мәселе облыс басшысының назарын аударды. Өйткені, кезінде бұл елді мекендегі жер телімдері жоспарсыз жекешеленіп, су құбыры өткен жердің үстінен 15-ке жуық тұрғын үй салынып кеткен.

Осы іс бүгінгі таңда қала маңындағы елді мекендерге су, электр, газ желісін жүргізуге кедергі келтіріп отыр. Оның жай-жапсарын анықтап білген облыс әкімі түйткілді нақтылы анықтап, су құбыры өткен жер телімін кімдердің заңды тұлғаларға заңсыз үлестіргенін біліп, нақты шешім шығаруды құқық қорғау саласының мамандарына тапсырды.

Қала тұрғындарының мазасын кетіріп жүрген, мерзімі өтіп, тұруға жарамсыз қауіпті үйлердің мәселесін тез арада шешуге арналған жоба облыс басшысының қолдауына ие болды. Қала әкімінің есебіне қарағанда, қалаға қарасты 3 бөлімше, Шевченко және Абылайхан, тағы да басқа  көшелердің бойына орналасқан әлеуметтік нысан мен тұрғын үйге орналасқан жүзге жуық пәтер иелері мүлде  жарамсыз үйлерде тұрып келеді. Оларды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етудің жобасы жасалып, шығын көлемі нақтылы есептеліп, қауіпті үйлердің тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің жолдары да қарастырылыпты.

– Жобада көрсетілген қауіпті үйлердің тұрғындарын келесі жылы толықтай жаңа баспанамен қамтамасыз етіп, қаланы қауіпті үйде тұратын тұрғындары жоқ жағдайға жеткіземіз, – деді облыс әкімі.

Ең бастысы, облыс әкімі қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысын жандандаруға бағытталған, жалпы құны 18,1 млрд.теңге болатын 48 жобаның атқарылуына қолдау танытатынын білдірді. Ол қатарда сумен жабдықтау жүйесі, қала маңындағы саяжайларды тұрғын үй секторына ауыстырып, оларға электр, су, газ желілерін тарту, көмірмен қыздырылатын жылу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру, қала көшелерінің жағалауын абаттандыру, қаланы көркейтуге қажетті заманауи құрал-жабдықтар мен техникаларды жаңадан сатып алу қатарлы таңдаулы жобалар бар.

– Әрине, қаланы көркейтуге керекті құрал-жабдықтар мен жаңа техникаларды толық сатып алып береміз. Бірақ келесі көктемнен бастап қала жолдарының айналасы реттеліп, аулалар абаттандырылып, көпжылдық шөп пен ағаштар отырғызылып, жұмысы жүйелі қолға алынуы керек, – деп тапсырды облыс басшысы.

Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта білім беру нысандарын ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізу және жаңа білім нысандарын салуға қатысты оннан астам жоба дайындалған. Олардың бәрі облыс әкімінің көңілінен шықты. Алдағы уақытта тиісті құжаттарын реттеп, дайындық жұмысын жүргізе беруге тапсырма алды.

Қала әкімдігі тарапынан ұсынылған жобалардың бәрімен толық танысып, бірін қолдап, енді біріне сын айтқан облыс басшысы соңында көпшілікке:

– Бәріңізге белгілі, бүгінгі күнге дейін қаланың орталық аумағын абаттандыру мен инфрақұрылымын реттеу барысында қыруар жұмыс атқарылды. Ал қала маңында әлі де реттеуге тиісті жұмыстар жетерлік. Сондықтан, қала басшылығы алдағы уақытта қаланың барлық жағдайын толық зерделеп, қаланың өркендеуі мен тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін кедергі келтіретін келеңсіздіктерді толық анықтап, оны реттеуге қатысты жоспарды тағы бір пысықтап шығуы тиіс. Егер өтімді ұсыныс болса, облыстық әкімдік тарапынан кез  келген уақытта қолдау танытуға дайынбыз, – деп түйіндеді сөзін Амандық Ғаббасұлы.

Жоспар жүйелі болса, жұмыс нәтижелі болады. Кемшіліктерден сабақ алып, олқы тұстарды жетілдіргенде ғана әр істен нәтиже шығаруға болады. Қала әкімінің есебі осы жайды ұғындырды.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы