ЖОЛДЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ТАЗАЛАМАҒАН МЕКЕМЕЛЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 11.12.2020
Оқылды: 924
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында жолға жауапты ұйым автожолдарға тиісті тазалау жүргізбегені үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында полицейлер тиісті ұйымдардың автожолдарды күтіп ұстау талаптарын қадағалау мақсатында тексеру жүргізді.

- Атап айтқанда, Алматы облысындағы жол ұйымдарының жолдағы қарды күреу жұмыстарының сапасын тексеру мақсатында полиция департаменті жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторлары «Сарыөзек-Көктал» және «Сарыөзек кентінің айналма автожолдарына» тексеру жүргізді. Тексеру барысында соңғы жауын-шашыннан кейін жолды тазалау және оған инертті материалдарды шашу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегені анықталды. Салғырттық нәтижесінде пайда болған қар мен мұз жол апаттарына әкеп соғуы мүмкін екені белгілі. Осыған орай, «Қазақавтожол» ЖШС №18 ЖПУ жол ұйымына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 631-бабы, 1-тармағына сәйкес, автожолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 30 АЕК мөлшерінде 83 340 теңге айыппұл салынды. Анықталған кемшіліктерді жою туралы тиісті нұсқама берілді, - деді Алматы облысы әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серіжан Әбжанов.

Жыл басынан бері әкімшілік полиция қызметкерлері облыс аумағында жалпы қолданыстағы автожолдарға 1875 тексеру жүргізді. Жол ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жоюды міндеттейтін 1891 ұйғарым жіберілді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін құқық қорғау органдары ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 631-бабына сәйкес, 238 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырып, жалпы 6 млн.611 теңгеден астам айыппұл салынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"