САЙЛАУ: АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНЕ КАНДИДАТТАР ҰСЫНУ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 30.06.2021
Оқылды: 1980
Бөлім: САЯСАТ

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-3-бабына сәйкес 2021 жылғы 25 шілдеде ауылдық округ әкімдерін сайлау өтеді.

Сайлау науқаны Алматы облысының 71 округінде өтеді. Ақсу ауданы бойынша 9, Алакөл ауданында 8, Балқаш ауданында 6, Еңбекшіқазақ ауданында 10, Ескелді ауданында 1, Жамбыл ауданында 2, Іле ауданында 1, Қарасай ауданында 1, Қаратал ауданында 2, Кеген ауданында 5, Кербұлақ ауданында 4, Көксу ауданында 4, Панфилов ауданында 4, Сарқан ауданында 3, Талғар ауданында 4, Ұйғыр ауданында 6, Текелі қаласында 1 әкім сайланатын болады. Райымбек ауданында, Талдықорған және Текелі қалаларында бос округтердің болмауына байланысты ауылдық округ әкімдерін сайлау өткізілмейді.

2021 жылғы 25 маусымда облыстың аумақтық сайлау комиссиялары 71 ауылдық округте сайлау өтетінін белгіледі. Сайлау округтерін тағайындау, құру туралы ақпарат, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары аудандар мен қалалар әкімдіктерінің сайттарында орналастырылып, жергілікті БАҚ-та жарияланатын болады.

Сайлауда  барлығы 17 аумақтық және 198 учаскелік сайлау комиссиясы, сайлау комиссияларының 1451 мүшесі жұмыс істейді. Сайлаушылар саны 222 мыңнан астам адамды құрайды.

26 маусымнан бастап әкімдікке кандидаттар ұсыну басталды. Ұсыну құқығы саяси партияларға, азаматтарға, өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ ұсыну мерзімі аяқталған күні екіден кем кандидат ұсынылған жағдайда аудандар мен қалалар әкімдеріне тиесілі.  
30 маусымдағы жағдай бойынша 20 кандидат ұсынылды. Олардың барлығы өзін-өзі ұсынды.
Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну 2021 жылғы 9 шілдеге дейін жалғасады.
Сайлауға дайындық жұмыстары жалғасуда.

Облыстық сайлау комиссиясы