ХАЛЫҚТЫҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ. АҚСАҚАЛДЫҢ САЙЛАУ ТУРАЛЫ ПІКІРІ

Уақыты: 02.11.2022
Оқылды: 1292
Бөлім: САЯСАТ

Тарих дегеніміз бүгінгі күннің мәнді, мағыналы өтуіне тікелей байланысты. Қуанышты күндердің көп еске түсетіні сондықтан. Жақсылығы мол сәттерді, саяси өмірдің белсенділікпен өткенін жұртшылық жиі еске алады.

Еліміздің өркендеуі жолында халқымыз 6-ншы рет Президент сайлауына куә болып, өз таңдауын жасады. Алдағы 20 қарашаға межеленген кезектен тыс Президент сайлауы сондай айтулы күндердің қатарына кіреріне сенім мол.

Шекараның шетінде, желдің өтінде жатқан Жалаңаш өңірі ежелден еліміздің саяси өмірінен сырт қалған емес. Ақ патшаның маусым жарлығына қарсылық танытқан жергілікті жұртшылық, большевиктердің жымысқы саясатын толық қолдамағанымен, кеңестік идеологияға басыбайлы беріліп кетпегенімен ерекшеленді.

Сол тұстағы ақсақалды қариялардың, ақ жаулықты аналардың арман-тілегі – ұрпағының амандығы, келешегінің кемел болуы еді. Құдайға шүкір, сол арманның орындалғанын бүгінгі күні көзімізбен көрдік, жүрегімізбен сездік.

Ендігі күндердің жарқын болуын Ағанас жазығында жатқан Жалаңаш ауылдық округінде тіркелген ақсақалдар қауымы тілейді. Сондықтан биылғы сайлаудың маңыздылығын, мәнін өскелең ұрпаққа ұғындырып, насихаттап келеміз.

Шынында, мемлекеттің қарқынды дамуы халқының саяси белсенділігі мен берік ұстанымына тікелей байланысты. Артымыздан ерген балаларымыз бен немерелеріміздің өз таңдауын жасайтынына сенім білдіріп, ұдайы ескертіп отыратын ақсақалдар алқасы болашақтың қадамы нық, күндері жарқын, тілегі жақсы боларынан үміт етеді.

Алдағы Президент сайлауына жалпы жұртшылық жаппай қатысарына сенеміз!

Әріпбай СЫБАНБАЕВ,

Жалаңаш ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы,

«Дарқан» шаруа қожалығының төрағасы

Кеген ауданы,

Алматы облысы