Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бірқатар жаңа құзырет берілуі мүмкін

Уақыты: 07.04.2023
Оқылды: 1953
Бөлім: САЯСАТ

Кезекті Президент Жарлығының жобасында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бірқатар жаңа құзырет берілетіні жазылған.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы "Ашық" НҚА порталы дерегіне сүйеніп хабарлайды.

«Жарлық жобасы ережеге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес редакциялық өзгерістерді енгізуді қарастырады. Оны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етілмейді және ол теріс әлеуметтік және экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды», - деп түсіндірме берілген Президен Жарлығына.

Аталған құжатта ведомствоға мына функциялар беріледі деп көрсетілген.

- ұлттық қауіпсіздік органдардың дағдарысты жағдайлар, әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал, төтенше, әскери жағдайлар туындаған кезде және соғыс уақытында іс-қимыл жасауға дайындығын қамтамасыз ету;

- еңбек қарым-қатынастарын реттеу саласында еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның келісімі бойынша ұлттық қауіпсіздік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының нормативтерін әзірлеу және бекіту;

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының құқық бұзушылықты профилактикалау шараларын жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

- жергілікті атқарушы органдармен әзірленетін облыс аумағында, астана және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан террористік тұрғыдан осал объектілердің тізбесін келісу;

- дайындалып жатқан терроризм актісі туралы хабарлама үшін сыйақы төлеу ережелерін әзірлеу және бекіту;

- Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің отбасылық-мүлiктік жағдайын тексеру актісінің үлгі нысанын әзірлеу және бекіту;

- ұлттық қауіпсіздік органдарын көлік құралдарының және арнайы мақсаттағы көлік құралдарының колонналарына ілесіп жүруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен көшелерде осы колонналар өтетін уақытта жол жүрісін реттеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

- ұлттық қауіпсіздік органдарында жауынгерлік кезекшілікті атқаруды ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту.

 

Айта кетейік, аталған құжат 20 сәуірге дейін көпшілік талқысына ұсынылады. Тиісінше кейін қол қою үшін Мемлекет басшысына жолданады.

 

Фото: ашық дереккөзден