Ақтөбе Жетісу облысы әкімдігінің назарында

Уақыты: 17.04.2023
Оқылды: 1564
Бөлім: САЯСАТ

Осыдан біраз уақыт бұрын "ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ АҚТӨБЕГЕ НЕГЕ "СУЫҚ" ҚАРАП ОТЫР" деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Дәлірек айтқанда, Ақсу ауданына қарайтын Ақтөбе елді мекеніндегі тұрғындар дабыл қағып, өз арыздарын редакциямызға жеткізген болатын.

Тиісінше, біз сол арыз-тілек негізінде материал дайындап, мақала соңында келесі тарап – әкімдіктің де пікірін беретінімізді арнайы ескерткенбіз. 

Ресми жауап көп кешіккесін Ақсу ауданы әкімдігіне де хабарласып мән-жайды білдік. Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл мәселе назарға алынған. Облыстық әкімдікте хабардар көрінеді. Аудан әкімі ауысып абыр-сабыр болып жатқандықтан, жауапты уақытылы бере алмай отырғандарын айтады. Әрі алдағы уақытта жаңадан тағайындалған аудан басшысымен бұл мәселені кеңесіп, нақты жауабын жеткіземіз деді. 

Арада біраз уақыт өткенде көтерілген мәселеге орай сол кездері аудан әкімдігі ресми жауап берді. Ондағы толық ақпарат төмендегідей.

"Ақтөбе ауылымен Ашыбұлақ ауылының арасындағы 16,4 шақырым жолдың бүгінгі күнге жер таңдау актісі әзірленіп, ситуациалық схемасы және жер комиссиясының қорытындысы дайындалды. Бұдан әрі жерге орналастыру жобасы, содан кейін мемлекеттік акт әзірленетін болады. Алдағы уақытта жобалау сметалық құжаттама әзірлеу үшін, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсыру жоспарлануда. Ақтөбе-Ашыбұлақ ауылы арасындағы жолда орналасқан Ақсу өзеніндегі көпірді жөндеуге ақаулық актісі әзірленуде. Бұл шара күрделі мәселе болып есептеледі, құжаттарын әзірлеу, тиісті қаражат көлемін сұрау үшін дайындық жұмыстарын қажет етеді", - делінген ресми ақпаратта.

Қозыбай ҚҰРМАН.

 

Редакциядан: Көтерілген мәселеге байланысты алдағы уақытта да цикілді материал ұсынатын боламыз. Халық тарапынан тың ұсыныс айтылар болса оны да жариялауға дайынбыз.