Жетісу облысы Ақтөбеге неге "суық" қарап отыр?

Уақыты: 28.03.2023
Оқылды: 2478
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тақырыпты дәл осылай «суық қарап отыр» деп жазбауға шараңызда қалмайтындай. Қытаймен шекараның өтінде тұрған, кезінде аудандар қысқарғанда кесірін алдымен тартқан  Ақтөбенің қазіргі жағдайы кісі шошырлық деңгейге түскен. Мектебінде төрт бала ғана оқитын ауыл да осы – Ақсу ауданындағы Ақтөбе. Солтүстікті қазаққа толтырған керек-ақ, ал саяси маңызды аймақтағы Ақтөбені адамнан «арылтқаннан» пайда кімге болмақ?!

Енді, міне, тағы да «күйіп» тұрған мәселе Ақтөбені айналып өтпеді.  Күнделікті азығы мен нәсібін терсе, бір уақ қала мен елді көрсе жеткізіп тұрған қиқы-шойқы жолын да су шайып кеткен. Салдарынан ауылдан аттап шығудың өзі мұң болып отыр.

Қазір де бұл ауылдан «Жанайқайымызды тыңдайтын құлақ бар ма?» деп «Жетісу» газеті редакциясына хабарласқан жұрт көп. Тіпті, түрлі сурет пен бейне материалдар да топталып түсуде.

Уацап желісі арқылы жеткен суреттерге қарасаңыз, жүрегіңіз ауыратыны рас. Қия-қия тау беткейінде қарғын судан айғыз-айғыз болған қара жолды көресіз. «жол» деген аты болмаса заты жоқтай. Оның өзі төрт дөңгелектің ғана табы растаған, тау мен таспен күніге неше «төбелесе» жүріп жететін азап арқаны секілді.   

Ал іргетасын 1968 жылы студенттік құрылыс отряды қалаған, бүгінгі озық ғасырдан бір белгі жоқ ескі көпір туралы айтудың өзі артық: жергілікті жұрт «қиамет көпірі» деп те атайды. "Қылдан тайсаң - төмендегі малта тасқа "тойып" аққан Ақсу өзеніне "топ" етесіз.

Сенсеңіз, иелігінде 60 мың гектардан аса құнарлы жер тұрған, жан жағын алқалай тау қоршаған табиғаты турист тартардай таңғажайып, териториялық тұрғыда Қытаймен шектесетін Ақтөбеге енді араша болар адам жоқтай. Атқа мінерлердің аяғы жетіп, уәдесі ас пен жиында айтылса да, атқаратын бір ісі болмай тұрғанға ұқсайды.

Тау ішінде «қамалған» ауылдан біздің «7-su.kz» желілік басылымы арқылы өз арыз-арманын жеткізгісі келгендер көп. Әзірге соның екеуін назарларыңызға ұсынбақпыз. Пікір иесінің бірі – Толымбек Ержан. Осы ауылдың тумасы. Ауылы десе жүрегі ауыратын азамат өз өтінішін «Аманат» пен «Ауыл» партиясына жолдаған:

  –  Ауыл азаматтарының атынан сөйлеп тұрмын. Менің айтайын дегенім, бізде жол қатынасы өте қиын. Жолды қазір су орып кеткен. Жол қатынасы мүлдем жоқ. Балалар ауырса медицина (жедел жәрдем  - ред.) жете алмайды. Соған сіздерден көмек керек. "Аманат" партиясы мен "Ауыл" партиясы жол қатынасына көмектессеңіздер,  – дейді ол.

Ал ауыл ақсақалының И. Қалқаман (бізге жолдаған бейнеүндеуде аты толық ұғылмағанын ескетеміз – ред.) пікірі тіпті, тосын. Басқа басқа емес, аталған жолдың белгілі бөлігі жекенің қолына өтіп кеткенін айтады. Оның жасалмай отырғанының себебі де осы сияқты түсіндіруінше. Оны ауыл әкімінің жуырдағы кездесуде айтқанын да жеткізген.

–  Ауылымыздың шешілмей тұрған бір мәселесі көпір мен жолымыз болып тұр. Биылдың 4 наурызында жолымызды су тасқыны болып орып кетті. Ауыл азаматтары қызыл қолымен уақытша амалдап қойған. Наурыздың 24 күні ауыл әкімі келіп кеткен жиналыс ашып. Ол кісінің айтуы бойынша, бұл жол үкіметтің картасына кірмеген дейді. Осы ауылдың бір азаматы жер алғанда жол жеріне кіріп кеткен екен. Ол азамат келісімін бермей отырған секілді. Неге екенін білмеймін. Әкім бізге түсіндірді. Ол кісімен тағы барып бір жолығам, егер рұқсатын беріп жатса ары қарай жасалады. Со кезде үкімет тарапынан жолға деген қаражат бөлінеді деп айтылды. Оған дейін шешілмейді екен. Осыны сіздер болып шешіп берсеңіздер, –  дейді ауыл ақсақалы.

Түйін: Әу бастағы ойды тағы қайталап айтуға тура келетіндей. Не бәрі жүздің айналасында тұрғыны бар Ақтөбенің қордаланған мәселелерін жүйелі түрде шешіп, сұрқы қашқан ауылды қайта толтырудың қамына кіріскен жөн бе дейміз. Мүмкін, шекара аймағы болған соң мемлекеттік саясат есебінде бұл жаққа да бір көштің басын түзеген дұрыс па еді, кім біліпті?! Әзірге жұлым-жұлым болған жолы реттелсе, тағдырын күнде құдайына "тапсырып" өтетін көпірі жөнделсе Ақтөбеге сол да медет болардай. 

Қозыбай ҚҰРМАН.

 

Редакциядан: біз көтерілген мәселеге байланысты бірінші тарап халық пікірін еш өзгертпей беріп отырмыз. Алдағы уақытта аталған мәселеге байланысты екінші тарап – әкімдік пікірін беруге дайынбыз. Әрі Суықсай ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылы туралы да толыққанды материал дайындамақпыз.