"бюджеттік өтінім тапсыру жоспарлануда" Ақтөбенің мәселесіне Ақсу ауданы ресми жауап берді

Уақыты: 18.04.2023
Оқылды: 1180
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Ақтөбе елді мекенінің қазіргі қиын жағдайына байланысты көтерген  мәселемізге екінші тарап  аудан  әкімдігі ресми жауап берді.

Дәлірек айтқанда, бұған дейін "7-su.kz" желілік басылымында "Жетісу облысы Ақтөбеге неге "суық" қарап отыр?" атты мақала жариялаған болатынбыз.  Әрі сол мақалада аталған ауылға көңіл бөлінбей отырғанын, салдарынан басқа қиындығын айтпағанда, жол мәселесі адамшошырлық деңгейде екенін жеткізгенбіз. 

Сонымен қатар, алдағы уақытта екінші тарап әкімдіктің де пікірін беретінімізді айтқан болатынбыз. Арада біраз уақыт өткенде көтерілген мәселеге байланысты ресми мекемеден жауаптың кешіктірілу себебін сұрап арнайы хабарластық. Нәтижесінде, "Ақтөбе Жетісу облысы әкімдігінің назарында" деп материал дайындап, нақты жауаптың кешіктірілу себебін де күні кеше түсіндіріп өткенбіз.

Яғни, ауданның аталған мәселеге уақытылы жауап бере алмауы, аудан басшысының ауысуымен байланысты болып шықты. Бұл туралы әкімдік өкілінен сұрап білгенбіз. 

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ: Ақтөбе Жетісу облысы әкімдігінің назарында

 

Тиісінше, бүгін аудан әкімдігі ресми жауап берді. Оны да қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

АҚСУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ЖАУАБЫ: 

"Ақтөбе ауылымен Ашыбұлақ ауылының арасындағы 16,4 шақырым жолдың бүгінгі күнге жер таңдау актісі әзірленіп, ситуациалық схемасы және жер комиссиясының қортындысы дайындалды. Бұдан әрі жерге орналастыру жобасы, содан кейін мемлекеттік акт әзірленетін болады. Алдағы уақытта жобалау сметалық құжаттама әзірлеу үшін, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсыру жоспарлануда. Ақтөбе-Ашыбұлық ауылы арасындағы жолда орналасқан Ақсу өзеніндегі көпірді жөндеуге ақаулық актісі әзірленуде. Бұл шара күрделі мәселе болып табылады, құжаттарын әзірлеу, тиісті қаражат көлемін сұрау үшін дайындық жұмыстарын қажет етеді", - делінген ресми жауапта.

ТАҒЫ ДА ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жетісу облысы Ақтөбеге неге "суық" қарап отыр?

 

РЕДАКЦИЯДАН: ОСЫЛАЙША, РЕДАКЦИЯМЫЗҒА ШЫҒЫП, ӨЗ АРЫЗ-ТІЛЕКТЕРІН ЖЕТКІЗГЕН АҚТӨБЕ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ХАЛЫҚЫНА АҚСУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ БЕРГЕН РЕСМИ ЖАУАПТЫ ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ. ӘРІ БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ – КӨП КҮТТІРГЕН ЖАУАПТЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ ДА АЛДАҒЫ УАҚЫТТА НАЗАРЫМЫЗДА БОЛАТЫНЫН ЖЕТКІЗЕМІЗ.