Мемлекет басшысы Әлеуметтік кодекске қол қойды

Уақыты: 22.04.2023
Оқылды: 1783
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік кодекске қол қойды.

ҚР Президентінің Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Әлеуметтік кодекске қатысы бар тағы 3 заңға: «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңына, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған.
Жаңа кодекс пен заңдарда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін мүгедектігі бар жандарға, бағушысынан және басқа санаттағы туыстарынан айырылғандарға, мүгедектігі бар баланы бағушыларға, бірінші топтағы мүгедекті бағып-қағып отырғандарға, ерекше еңбек сіңіргені үшін зейнетақы алатындарға, саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге, мүгедектігі барларға 14,5-ға ұлғайту қарастырылған. Сондай-ақ, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған сотталғандарға және бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталғанды күтіп-бағып отырған жандарға мемлекеттік жәрдемақыны алу құқы беріледі. Одан бөлек, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге қызмет көрсететін жеке көмекшілердің міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілетіні ескерілген.
Кодекстің тағы бір ерекшелігі, «Ата жолы» картасы арқылы этникалық қазақтардың (өзге мемлекеттердің азаматтары) арасында қажетті мамандықты меңгерген тұлғалардың тарихи отанымен байланысын нығайтуға және олардың ақыл-ойын, күш-қуатын Қазақстанның өркендеуіне жұмсауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын қалыптастыруға, зейнетақы жинағын пайдалануға септігін тигізетін жаңа кодекс отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастың дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"