Бейбіт Исабаев ҚР Парламенті депутаттарымен кездесті

Уақыты: 13.07.2023
Оқылды: 996
Бөлім: САЯСАТ

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында Жетісу жеріне арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Кездесуге облыстық мәслихат депутаттары, саяси партия филиалдарының жетекшілері мен басқарма басшылары қатысты. Айта кетерлігі, биылғы наурыз айында өткен сайлауда облысымыздың 5 азаматы халық сенімінен шығып, Мәжіліс депутаты болып сайланды. Ол азаматтар да осы ортада болды. Көпшілік алдында баяндама жасаған облыс басшысы аймақтағы шешімін күткен бірқатар мәселені атап өтті.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы Жетісу облысы жақсы нәтиже көрсетіп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді, сөйтіп республика бойынша 4-орынды иеленді. Дегенмен, облыста орталық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселелер де бар. Оның бірі – Мемлекет басшысының Жетісу жеріне сапарында «Лепсі – Балқаш» автожолының құрылысын аяқтау жөніндегі тапсырмасы. Жалпы ұзындығы 141 шақырымды құрайтын автожолдың қазіргі таңда 39 шақырымы ғана жөнделген. Жалпы құны 17,7 млрд. теңгеге бағаланған жобаның бүгінгі жағдайы мен келешектегі маңыздылығын түсіндірген облыс басшысы халық қалаулыларынан ағымдағы жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде және 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау кезінде құрылысты аяқтау үшін қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұрады. Екінші мәселе, республикалық бюджеттен жобалардың қымбаттауын қаржыландыруға арналды. Осыған орай:

– Жаңа Бюджет кодексінің жобасын қарау кезінде құрылыстың нормативтік мерзімдерін сақтамауға, ұлттық валюта бағамының елеулі өзгеруіне және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына байланысты жобаның сметалық құны ұлғайған жағдайда республикалық бюджеттен қаржыландыру нормасын қосу орынды деп санаймыз, – деді облыс әкімі. Жоғарыда аталған жағдайға құрылыс жұмысы 2018 жылы басталған «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолын қайта жаңарту» жобасын қосуға болады. 

Аймақта газдандыру мәселесі де өзекті. Облыста Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейінгі 104 елді мекен газдандыруға жатады. Оның ішінде 22 елді мекен газдандырылған, ағымдағы жылы 20 газ тарату желісін салу жобасы іске асырылуда. Биыл жергілікті бюджеттен 84 жоба әзірленуде. Оның ішінде 22 жоба бойынша жалпы сомасы 11,5 млрд. теңгеге мемлекеттік сараптаманың қорытындысы  алынды. Құны 38,0 млрд. теңге болатын 62 жоба әзірлену және сараптамадан өту сатысында. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023-2025 жылдары жүргізу жоспарлануда. Облыс әкімі ағымдағы жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде 4,2 млрд. теңге қаражат бөлуге жәрдемдесуді және 2024-2026 жылдардағы республикалық бюджетті бекіту кезінде 45,3 млрд. теңге қарастыруды сұрады. Сонда ғана жетісулықтар көгілдір отынның қызығын көретін болады. 

Ауылдық елді мекендердегі кәріз желісін салу жұмысы да өзекті. Бүгінгі күні ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қалалық кәріз жүйесін салуға басымдық берілуде. Алайда, кейбір елді мекендерде автономды септиктерді орнату мүмкіндігі жоқ, өйткені жерасты сулары жер бетіне жақын орналасқан. Осындай елді мекендердің бірі – Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылы, онда 15 287 адам қоныстанған. Құны 1,9 млрд. теңге болатын «Талдықорған қаласы Ынтымақ ауылының кварталішілік кәріз желісінің құрылысы» жобасы дайын, республикалық бюджетті нақтылау кезінде жобаны қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім жолданғанымен қаржыландыру қолдау таппады.

Денсаулық сақтау саласындағы ірі жобаларды іске асыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінде Талдықорған қаласында салынып жатқан әкімшілік ғимаратты (облыстық сот) 500 орынға арналған емханаға қайта бағдарлау, Талдықорған қаласында онкологиялық диспансер салу,  Алакөл ауданы Үшарал қаласында 250 орынға арналған емхана салу құрылысы жобалануда. Жобалардың мемлекеттік сараптамасы жыл соңында немесе келесі жылдың басында алынады деп күтілуде. Облыс басшысы халық қалаулыларынан осы жобаларды жүзеге асыру үшін келесі жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұрады.

Кейінгі жылдары туризмнің белсенді дамуына байланысты Алакөл жағалауында электр энергиясының жетіспеушілігі, атап айтқанда, Ақши және Көктұма ауылдарында электр қуатының жиі ажырауы орын алуда. Электр қуатын тұтыну 15-20 МВт-қа дейін өсті, ал қазіргі өткізу қабілеті - 7-8 МВт, болашақта қажеттілік 40 МВт-қа дейін артады. Бұл проблеманы шешу үшін Алакөл ауданының Ақши және Көктұма ауылдарына дейін 110 және 220 кВт жоғары вольтты электр беру желілерін салу қажеттігі туындады. Оған техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді, жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының болжамды құны  46,7 млрд. теңгені құрайды. 

– 2024 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде жобалар құрылысын бастауға қаражат бөлінсе, туындаған келеңсіздік шешімін табар еді, – дейді облыс әкімі. 

Көксу ауданының суару желілерін қайта жаңарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жұмыстары жүргізілуде. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады деп күтілуде. Бірінші кезең бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны   8,3 млрд. теңге, 108,7 шақырым желі қалпына келтіріледі. Қазіргі уақытта «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесі Ислам Даму банкімен қаржыландыру мәселесін қарастыруда. Ал екінші кезең бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталады. Арнаның ұзындығы 283,3 шақырым. Құрылыс 14,0 млрд. теңгеге болжанғанымен қаржыландыру көзі анықталмаған.

– Жалпы, аталған жобаларды іске асыру 13 600 гектар суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Осы жобаны «Ислам Даму банкі» арқылы немесе республикалық бюджеттен қаржыландыруға ықпал етсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді, – дейді облыс басшысы. 

Жетісу облысы – аграрлы аймақ. Алайда агроөнеркәсіп кешені саласын қаржыландыру жеткіліксіз болып келеді.  Жылдан жылға субсидиялауға көзделген қаражат өткен жылғы міндеттемелерді төлеуге жұмсалуда. Мысалы, ағымдағы жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 6,6 млрд. теңге бөлінсе, оның 4,5 млрд. теңгесі немесе 68,2 пайызы өткен  жылғы өтінімдер бойынша төленген. Биылғы міндеттемелерін толықтай өтеу үшін қосымша 5 млрд. теңге қажет. Басқа саланы субсидиялау бойынша да осындай жағдай орын алуда. Осыған байланысты, облыс басшысы халық қалаулыларынан биылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде 6 млрд. теңге және 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау кезінде субсидияларға ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлуге жәрдем көрсетуді сұрады.

Мемлекет басшысының елімізде экономиканы монополиядан арылту жөніндегі тапсырмасына сәйкес сыйға тарту шарты бойынша 25 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 100 пайыз қатысу үлесін республикалық меншікке беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алайда, берілетін активтер тізіміне Текелі қаласындағы «Асар жол» ЖШС меншігіндегі кірме темір жолдары енгізілмей қалған.  Бес жыл бойы кірме жолдарды күтіп ұстау тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған. Теміржол иесі тарапынан шарттық міндеттемелерді орындамаған. Міне, осылай, жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын кірмежол көп келеңсіздіктерді туындатуда. Облыс әкімі депутаттардан Текелі қаласының кірме теміржол жолдарын республикалық меншікке беруге көмек көрсетуін сұрады.

Жалпы, облыс экономикасының өркендеуіне кедергі келтіріп отырған 9 түрлі келеңсіздікті атап өткен облыс басшысы бұл жобаларды қаржыландыру тетігі айқындалса, аграрлы аймақ саналатын Жетісу облысының экономикасы өркендеген, туризмі түлеген аймаққа айналарына зор сенім білдірді.

Келесі сөз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Жүсіп Нұртөре облыс басшысының баяндамасына зор ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенаты тарапынан қабылданған заңдар туралы анықтама берді. Сол қатарда ҚР Парламенті Сенаты қабылдаған Әлеуметтік кодекстің ел тұрғындарының, сол қатарда жетісулықтардың да көптеген түйткілді мәселесін шешуге көмектесетінін атап өтті. Өз кезегінде «Ауыл» партиясы атынан Мәжіліс депутаты атанған Әнес Баққожаев Жетісу облысындағы ауыл шаруашылығы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ойымен бөлісті. Сол қатарда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтан Дүйсембінов,  Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Төлемісовтер де Жетісу жерін түлетуге қатысты ой-пікірімен бөлісті. Ал облыстық мәслихат депутаты Гүлназ Мұстафа ұрпақ тәрбиесіне қатысты толғандырар ойын ортаға салды. 

Соңында көпшілік: «Мемлекет басшысы белгілеп берген басым бағыттар бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуде бірлесе қызмет атқарамыз» деген сеніммен тарады. 

Қажет АНДАС
Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ