"Мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді": Тоқаев табысы "түсініксіз" адамдарға ескерту жасады

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 1165
Бөлім: САЯСАТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсететін кәсіпкерлерге мәмілеге келу мүмкіндігі азайып бара жатқанын ескертті,  деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Президент бұған дейін табысы "түсініксіз" адамдарға мүмкіндік берілгенін, егер табысын ел игілігіне, мемлекет пайдасына жаратқанда иеліктеріндегі мол ақшаның қайдан келгені туралы сұрақты да қарастырмауға болатынын айтып, енді мұндай мүмкіндіктің азайғанын жеткізді.

"Адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын. Жоғары да айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз бұрын-соңды ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек. Үкімет экономиканы әртараптандыру үшін ірі бизнестің бүкіл қаржылық, технологиялық және кадрлық әлеуетін жұмылдыруы қажет", - деді Тоқаев.

Тоқаев бұл орайда салық мәселесін де ұмытпады. 

"Салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыздар көп беріледі. Соттардың жүктемесі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы қажет. Сондай-ақ тауарсыз операцияларды анықтаудың нақты критерийлерін анықтау керек. Заңнама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ықтималдығы да соғұрлым азаяды. Сондықтан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұшты тұжырымдарды жою қажет. Барлық даулы жағдай салық төлеушілердің пайдасына қарай түсіндірілуі керек", - деді ол.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту керегін атап өтті.

"Елдегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзету керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес, елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда 5 миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясындағы түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, жергілікті бақылаушы органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек. Салық заңнамасын өзгерту жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды", - деді ол.

Фото: Президент баспасөз қызметі