Тоқаевтың "мәмілеге келу мүмкіндігі" Боранбаевтан басқа кімдерге арналған?

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 1063
Бөлім: САЯСАТ

Күні кеше Тоқаев табысы "түсініксіз" адамдарға қарата мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып бара жатқанын айтқан еді. Ізінше Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастыратынын, тергеу шеңберінде жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді қайтару жөніндегі шаралар қабылданғанғанын жеткізді. 

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Агенттіктің баспасөз қызметі дерегіне жүгініп хабарлайды.

Ресми мәлімет бойынша, тергеу нәтижесінде жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді қайтару туралы шаралар қабылданған. Мәселен бұған мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтер қамтылған.

Сондай-ақ Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды.

Ал бұған дейін БАҚ беттерінде Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтегені жазылған болатын.