Мамандар жалған ақпарат қайдан туындайтынын айтып берді

Уақыты: 01.11.2023
Оқылды: 707
Бөлім: МІНБЕР

Ақпарат тарау жылдамдығы дамыған заманда кез келген хабар бұқараға жылдам жетеді. Ол дұрыс жеткізілмесе қоғамға әсер етіп қана қоймай, зиянын да тигізеді. Осы ретте жалған ақпаратқа, алаяқтарға сенбес үшін фактчекинг құралдарын меңгерген жөн.

 Stan.kz тілшісі фейк ақпарат қалай пайда болатыны және оны әшкерелеу жолдары туралы мамандардан сұрады.

Фактчекинг – жалған ақпараттарды тексеру және оны әшкерелеу

Фактчекинг – медиа саласындағы тренд сөздің бірі. Сондай-ақ шетелдік медиа кеңістікте верификaция деген термин бар. Бұл технологияны меңгеру маңыздылығы көбіне этикалық қағидалармен байланысты: еркіндік, объективтілік, бейтараптық және нақтылық. Екі терминнің айырмашылығын тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл ажыратып берді. 

"Фактчекинг – жалған ақпараттарды тексеру және оны әшкерелеу. Саяси әдістері, өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, өз мақсатында пайдалануды көздегендерді әшкерелеуге арналған құрал деуге болады. Сайтта саясаттағы шенеуніктердің айтқан мәліметтеріне, келтірген деректеріне фактчекинг жасалады. Қоғамда, ел арасында манипуляцияға толы дүниелерге фактчекинг жасалады. Журналистің материалы әлі жарық көрмеген болса, онда фактчекинг жасамайды, ол кезде верификация жасайды. Осы екі нәрсені шатастырмау керек. Фактчкинг деген жарияланып қойған, жарық көрген мәліметке, дерекке жасалады. Ал верификация әлі жарық көрмеген деректерді тексерудің тәсілі", – деп түсіндірді журналист. 

Жалған ақпараттың тарауы жасанды интеллект дамуымен өрши түскенін фактчекер, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов атап өтті.

"Соңғы кезде жалған ақпарат көбейіп бара жатқанын өзіміз де көріп отырмыз. Бұған тек қана адамдардың күнделікті тарататын фейк ақпараты ғана емес, жасанды интеллект синтездейтін ақпараты қосылып жатыр. Мысалы, дипфейк деген секілді. Дипфейк – жасанды интеллект арқылы өңделген фотосуреттер, бейнелер немесе аудиожазбалар. Сондықтан фактчекинг сіз бен біздің өмірімізді жеңілдету үшін, жалған ақпаратқа, алаяқтарға және басқа да алдауға тырысатын адамдардың қақпанына түсіп қалмас үшін өте маңызды. Тіпті, тұрмыстық өмірде егер пәтер жалға алсаңыз да, фактчекинг арқылы пәтер иесі жайлы бар деректі тексеріп алуға болады. Сондықтан бұл – біздің өміріміздегі журналистиканың ең маңызды форматтарының бірі", – деді маман.

Фактчекер Думан Смақовтың айтуынша, ақпаратты тексеру кез келген адамның қолынан келеді. Тек қажетті техникаларды үйренсе болғаны.

"Фактчекингтің өзі төрт бөліктен тұрады. Жарияланған ақпараттың рас-өтірігін тексеру, шенеуніктердің уәдесін тексеру, мифтерді сейілту, бұл қоғамда қалыптасқан стереотиптердің, мифтердің рас-өтірігін анықтай отырып, күдіктен сейілту. Фактчекинг жасау кез келген адамның қолынан келеді, негізі форматы оңай. Бірақ өкінішке қарай, фактчекингте шыдамдылық, төзімділік керек. Егер бір ақпаратты таппасаңыз, оны іздей беруіңіз қажет. Мысалы, журналистік зерттеу сияқты форматтарда сіз астыртын алған ақпаратты немесе ашық әдістен өзге де ақпаратты қолдануға моральдық құқығыңыз бар, ал фактчекинг бұған мүмкіндік бермейді. Бірақ шын мәнінде, бұл өте жеңіл", – деді ол. 

Қоғам естіген әрбір ақпаратты қабылдамас бұрын, қарапайым ғана ой-елегінен өткізіп, сыни ойлауға тырысуы қажет дейді мамандар.

"Жалған ақпараттың салдары туралы айтқанда, біріншіден, бұл азаматтардың экономикалық қауіпсіздігіне байланысты. Мысалы, әлдебір банкте депозитте ақша болса, ол банк жабылайын деп жатыр деген ақпарат тараса, сіз ақшаңызды түгел шешіп аласыз және депозиттегі үстеме ақыңыз да жойылады. Тіпті банк банкротқа ұшыруы мүмкін. Екінші салдар, денсаулыққа қатысты. Коронавирус пандемиясы кезінде түрлі шөптермен, адыраспанмен, жемістермен емделуге болады деген ақпарат тарады. Соның салдарынан осындай жолмен емделемін деп бақилық болып кеткендер де болды. Қанды Қаңтар кезінде саяси фейктер таралды. Мысалы, “Назарбаев өліп қалды”, “Қазақстанның қашып кетті” деген ақпараттар болды. Бұның да халықтың еңсесін түсіруге немесе керісінше, еңсесін көтеруге жасалды. Әлдебір топтардың күш алуына берген болуы керек. Сонымен қатар бұл қылмыстық жаза, яғни құқықтық негіз. Жалған ақпарат тарату және қасақана ақпарат тарату деген баптар бар", – деп атап өтті Думан Смақов. 

Ішкі істер министрлігінің өкілдері жалған ақпарат таратқандарға қандай жаза қолданылатынын түсіндірді. 

Министрлік  фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет-ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеді. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпараттар немесе жарнамалар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату үшін, яғни бұғаттау үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды.

Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас-өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, ішкі істер органдарына шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады.

Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар "Жала жабау", "Жалған ақпарат орналастыру, тарату" сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. 

"Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қылмыстық істер қоғамдық тәртіпті бұзу азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын қасақана жалған ақпарат таратудың барлық фактілері бойынша тіркеледі" – деді ІІМ баспасөз қызметі. 

Ішкі істер министрлігі Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу бөлімшелерінің іс жүргізуінде 4 қылмыстық іс болды. Бұл істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері тоқтатылды.

Жалған ақпараттың жетегінде кетпеу үшін нені ескеру қажет?  Оның бірнеше жолы бар: 

Дереккөзді тексеру

Жалған ақпарат веб-сайттарда кейде логикалық, орфографиялық немесе грамматикалық қателерге толып жүреді. Сол үшін ашылған беттің веб-мекенжайына назар аударып, тексеріп алған ең дұрысы. Егер ол сайтпен таныс болмасаңыз, "Біз туралы" бөліміне өтіп, жоба жөнінде ақпаратты қарап шығу қажет. 

Автордың жұмысын бағалау

Ақпарат таратқан автор туралы да білу маңызды. Автордың сенімді екеніне көз жеткізу үшін ол туралы қосымша ақпарат қарастырған абзал. Оның басқа да материалдарын қарап шығу қажет. Жарық көрген мақалалары бар ма, соған назар аудару керек. 

Басқа да ақпарат көзін тексеру

Басқа беделді ақпарат көздері немесе бұқаралық ақпарат құралдары бұл фактіні жарялаған ба? Мақалада сенімді дереккөздерге сілтеме жасалған ба? Егер халық арасында сенімді саналатын БАҚ не ақпарат көзі жарияланса, демек шындыққа жақын деуге болады.

Сурет не бейнежазбаның шынайылығын тексеру

Фейк ақпаратттарда кездесетін тағы бір күмәнді дүние ол сурет немесе видеоның шынайылығы. Суреттері немесе видеосы өңделген болуы да ықтимал. Мәселен, сурет деформацияланып (фондағы түзу сызықтар қисық болып көрінеді), көлеңке, түстің қанық болуы секілді дүниелерден суреттен шынайы не фейк екенін анықтауға болады. Сонымен бірге фото не видеоның қайда түсірілгенін, ондағы майда детальдарға да мән берген жөн. Сол арқылы фотоның қандай локацияда түсірілгенін тексеруге мүмкіндік бар.

 Сын көзбен қарау

Фейк ақпарат көбіне адамдардың бойында қорқыныш, ашу сынды эмоциялар тудыруға бағытталады.  Осындай ақпаратты оқығанда бірден сын көзбен қараған дұрыс шешім. Мақаланың немесе жаңалықтың түпкілікті мақсаты не? Белгілі бір көзқарасты немесе мәселені алға тартып тұр ма? Я болмаса мақала оқырманды басқа веб-сайтқа өтуіне мәжбүрлейді ме? Осындай сауалдарды өзіңізге қойып, оған жауап іздеуге тырысыңыз. 

Фото: көрнекілікке алынды

Ескерту: Материал Stan.kz  дереккөзінен танымдық-ағартушылық мақсатта көшіріп басылды