ТОҒЫЗ БАЛАНЫҢ АНАСЫ АУЫЛДЫ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖАСАП ШЫҒАРДЫ

Уақыты: 30.09.2020
Оқылды: 1262
Бөлім: МІНБЕР

Жамбыл ауданының тұрғыны, тоғыз баланың анасы әрі «Праймериз» қатысушысы Әлия Абсеметова ауылды дамытудың тиімді бағдарламасын жасап шығарды. Ол өз бағдарламасында ауыл тұрғындарының кірісін арттырудың амалын тапқан. Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында тұратын Әлия ауылдастарының мұңын жақсы түсінеді. Сондықтан да ол бұл мәселеге бел шеше кіріскен.

Әлия Абсеметова 2005 жылы «Туран-Астана» университетін «халықаралық экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2016 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «журналист» мамандығы бойынша бітіріп, екінші жоғары білім иесі атанған.

Қазіргі таңда Әлия «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда.  Дәл осы себептен ол «Праймеризге» қатысуды шешкен. Бастысы, ол өзінің білімін іс жүзінде сынап көріп, бағын сынау, мақсатын жүзеге асыру. Ал Әлияның өмірлік мақсаты - біз және біздің балалардың қауіпсіз әрі әділ қоғамда өмір сүруіне жағдай жасау. 

Әлияның айтуынша, дәл қазіргі сәт әрекет ету үшін өте қолайлы болып отыр. Ал «Праймериз» - ел тұрғындарының өмірін жақсы жағына өзгерту үшін керемет мүмкіндік.

Қазіргі күні Әлия көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, 2018 жылы журналист UZYN.KZ деп аталатын сайт ашып, бүгінде бас редактор қызметін атқарып келеді. Одан бөлек, ол республикалық БАҚ-та тілші. 

Медиаеріктілікпен айналысатын ол онкологиялық және сал ауруына шалдыққан балалардың еміне қаражат жинауға атсалысып, қайырымдылықпен айналысады. Мәселен, екі жарым жыл аралығында 60 балаға 45 млн теңге жиналып, олар ем алып, қалпына келтіруден өткен. Сонымен бірге, Әлия Абсеметова елдегі қиын кезең – пандемия және ТЖ режимі жарияланған уақытта халықпен бірге болып, көптеген жандарға көмек көрсетті. Меценаттармен бірлесе отырып, ол Жамбыл ауданында тұратын жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға 200 азық-түлік себетін үлестірді.

Алайда Әлия өзінің басты жетістігі әрі мақтанышы– үлкен отбасы мен сүйікті жары деп санайды. Себебі, ол кез келген уақытта жұбайы мен тоғыз баласын, оның ішінде асырап алған жетеуін қолдап, әр бастамасына демеу болып жүрген асыл жар. Әлия өзінің өмірлік серігімен бірлесе отырып, балаларға керемет жағдай жасап қана қоймай, оларға өз жылуы мен махаббатын сыйлап, қамқорлығын танытып отыр.

Әлия Абсеметованың отбасыел назарына бұған дейін түсіп үлгерген. Отбасы республикалық «Мерейлі отбасы—2018» өңірлік байқауының Алматы облысы бойынша жеңімпазы атанған. Сонымен қатар, «Праймериз 2020» қатысушысы еріктілік қызметі үшін «Шапағат» мемлекеттік медалімен, мейірімді аналық жүрегі үшін «Dede Gorgud» қоғамдық қорының атынан  «Mehriban Ana» халықаралық орденімен марапатталған.

Бұдан бөлек, ол ауыл әйелдері арасындағы 16 көшбасшы әйелдің бірі саналады. Қазіргі күні Әлия Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі мен №3 Қарғалы орта мектебінің қамқоршылық кеңесіне басшылық етеді.

Әлия Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі және 2008 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып отыр.

Тоғыз баланың анасы өзінің сайлауалды бағдарламасында Жамбыл ауданындағы ауыл тұрғындарының кіріс мөлшерін арттыру және олардың салық төлеу қабілетін арттыру үшін жағдай жасау қажеттілігі туралы айтады. Бұл тұрғындардың қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, бюджетке түсетін салықтың артуына себепкер болар еді, дейді ол.  Осыған байланысты «Nur Otan» бес инвестициялық жобаны жүзеге асыруды қолға алмақ.

Бұл шаралар 2025 жылға қарайЖамбыл ауданы тұрғындарына 7 мыңнан астам жаңа  жұмыс орнын ұсынуға, ал ауылдағы жалақы мөлшерін 115 мыңнан 190 мыңға дейін арттыруға, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін  4,7%-дан 4,3%-ға дейін азайтуға мүмкіндік бермек.

Осы арқылы өзге де көптеген әлеуметтік проблемаларды, мәселен, балабақшалар мен мектептер салу, жол сапасын жақсарту, қажет аудандарға су және газ тарту сияқты мәселелерді шешуге болады.

Ауыл тұрғындарымен кездескен Әлия тұрғындардың ең негізгі проблемасы – жайылымдық жерлердің жетіспеуі, соның салдарынан туындап отырған мал шаруашылығындағы түйткілдер екеніне назар аударды. Ауыл шаруашылығын дамыту туралы сөз қозғағанда, осы бір тұсты естен шығармаған абзал. Қатысушы өз бағдарламасында Жамбыл ауданындағы қолданылмай жатқан 76 мың гектар ауылшаруашылық жерлерді жайылымдық жер ретінде ауыстыруға қол жеткізуді мақсат етіп отыр.

Жерді еш пайдаланбай отырған латифундистерден оны қайтарып алу міндеті туралы айтқан Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын назарға ала отырып, Әлия 49 жылдық жалдамалы мерзімді күтпестен, заңнамалық тұрғыда  жерлерді қайтаруды ұсынып отыр.

Айта кету керек, Әлия ауылдағы өмір сүру сапасын таза ауыз су жүргізіп, жолдар салу, сонымен бірге «Ауыл бесігі», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясындағы қолжетімді баспананы дамыту арқылы арттыруды көздейді.

Праймериз қатысушысының пікірінше, қазіргі күні   қашықтан оқыту жағдайында ауыл тұрғындарының құқықтық және медиасауаттылығын арттыруға атсалысу және қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын жасауға қол жеткізу қажеттілігі туындап отыр. 

Құқықтық және медиасауаттылық –біздің қоғамнан тыс, тек сөз жүзінде ғана айтылатын дүние емес. Бұл қазіргі күн тәртібінде тұрған, балаларға виртуалды әлемнен төнетін қауіп-қатердің артуы себепті туындап отырған қажеттілік. Себебі, бүгінгі таңда арам ниетті адамдар балалардың сеніміне оп-оңай кіріп алу қаупі бар екені жасырын емес.

«Нұр Отан» партиясы балаларға арналған 111 call-орталығын ашты. Қиындыққа тап болған немесе жақындарының бірінің басына қауіп төніп тұрған жағдайда олар осы нөмірге қоңырау шалып, қауіп туралы хабарлауына болады.                            

Бүгінде Желіде кеңінен тараған түрлі жалған ақпаратқа да сене беруге болмайды. Бастысы, мұндай ақпаратты таратпаған абзал, себебі бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуға болады. Сондықтан ресми дереккөздерден кез келген ақпаратты тексеріп отырған дұрыс.

Жоғарыда аталған мәселелер Әлияның бағдарламасында қамтылған жайттардың аз ғана бөлігі. Ал қоғамды өзгертуге ұмтылған белсенді әйел мұны сіз бен біздің көмегімізбен жүзеге асыруға әзір.

Еске салсақ, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының қатысушыларының үгіт-насихат жұмыстары 7 қыркүйек күні басталды. Үгіт-насихат жұмыстары аяқталғанша, Әлия Алматы облысы Жамбыл ауданындағы  барлық 24 ауылдық округіндегі сайлаушылармен кездесіп, өзінің бағдарламасымен таныстырмақ.

Қатысушының ұраны – «Әділдік және қауіпсіздік».Қазанның 1 мен 3 аралығында Google Play-дегі Праймериз-2020 қосымшасы арқылы Әлия Абсеметоваға өз дауысыңызды беріңіз! Біз үшін әр дауыс маңызды! Өмірді бірге жақсартайық!

Айтолқын АДЫРБАЙ

Алматы облысы