ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 28.01.2021
Оқылды: 1110
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани ЗАППАРОВ Алматы облысында болып, полицейлер алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облысына жұмыс сапарымен келген министрдің орынбасары ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттерін көрді.

- ҚР Ішкі істер органдарының учаскелік пункттері ішкі істер бөлімшелерінің негізгі озық буыны болып табылады және ведомствоның жұртшылықпен өзара іс-қимылын ұйымдастырады, қоғамдық тәртіпті қорғауды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өздерінің әкімшілік аумақтық учаскелерінде құқықбұзушылықтардың алдын алумен және қылмысқа қарсы күреспен айналысады. Полиция әрқашан жұртқа жақын болуы қажет, - деп атап өтті полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров.

Учаскелік полиция пунктін аралау барысында министрдің орынбасары жергілікті тұрғындарды қабылдады. Кейбірі қылмыстық істерді ашуға байланысты көмек қолын созуды сұраса, енді бірі полиция қызметін жақсарту бойынша ұсыныстарын жеткізді.

- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру шеңберінде қазақстандық полицейдің жаңа бейнесін қалыптастыру алдағы кезеңге арналған басты міндет. Қоғам мен қарапайым азаматтар полицейлердің олардың тыныс-тіршілігіне қатысуын сезініп, ішкі істер органдары жүйесіндегі оң өзгерістерді көруі тиіс, - деп қорытындылады ҚР ІІМ орынбасары Арыстанғани Заппаров.

Облыстық полиция департаментіндегі әріптестерінің алдында сөйлеген сөзінде Арыстанғани Заппаров аймақтағы қылмыстық жағдайға тоқталды. Ол өңірде ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бойынша көрсеткіштер жақсарғанын атап өтті. Елімізде тіркелген барлық қылмыстық құқықбұзушылықтардың 9 пайызы Алматы облысына болады. Өткен 2020 жылы облыста қылмыс деңгейі 36 пайызға төмендеген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"