Сот төрелігінің сапасы артады

Уақыты: 31.07.2017
Оқылды: 1263
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық сот ғимаратында 2017 жылдың жартыжылдық жұмысын қорытындылау бойынша судьялардың кеңейтілген кеңесі өтті. Оған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов, облыстық сот төрағасы Мейрамбек Тәймерденов, сот алқа төрағалары, облыстық,  аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген Мейрамбек Тәймерденұлы заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша негізгі жұмыс қорытындыларын баяндады. Мәселен, есепті кезеңде соттармен қаралған істердің саны өсті, биыл 34 501 іс қаралса, өткен жылы 29 950 іс қаралған. Татуластыру рәсімін қолдана отырып, сот істерін қарау қарқынды өсуде, яғни, 1081 азаматтық, 453 қылмыстық және 222 әкімшілік, 12 апелляциялық  іс қаралды. Сондай-ақ, облыстық сот төрағасы апелляциялық және кассациялық тәртібімен қылмыстық істер бойынша сот актілерінің күшін жою мен өзгерту көрсеткішінің артқаны туралы атап өтті. Бұл ретте азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы өткен кезеңмен салыстырғанда сол деңгейде қалды, ал әкімшілік істер бойынша жоғары тұрған инстанциялармен күші жойылған және өзгертілген сот актілерінің саны айтарлықтай азайған.
Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Досымбет Қалдарбек облыс соттарына келіп түскен азаматтық іс пен арыздар саны 7 063 іске артқанын хабардар етті. 2017 жылдың  І жартыжылдығында          27 553 азаматтық іс түскен. Шешім шығарумен 13 183 азаматтық іс қаралып, 765 өтініш қараусыз қайтарылды. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкенов өз сөзінде есепті кезеңде облыс соттарының өндірісіне түскен қылмыстық істердің саны 420-ға азайғандығын айтты. Атап айтқанда, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 893 іс, ал 2016 жылдың сол кезеңінде 2 313 іс түскен болатын. Ал медиация тәртібімен 453 іс қаралған. 
Кеңес барысында судья әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы Болатбек Зағиев кеңеске қатысушыларға судьялардың әрекеттеріне түскен шағым санының төмендегені туралы баяндады. Өңір соттарында халыққа сот жүйесінің қызметі туралы жүйелі жұмыстарды ақпараттандыру туралы облыстық соттың судьясы, БАҚ жұмысын үйлестіруші Нұргүл Жекенова айтып берді. Жиында Жоғарғы Сот судьясы Моряк Шегенов: «Судьяның жоғарғы мәртебесі оның кәсіби дайындалғанын міндеттейді, қажетті іскерлік қасиеттері мен жұмысын ұйымдастыра білуі, сондай-ақ белгілі бір жоғары моральдық-этикалық қасиеттердің болуын талап етеді», – деді. 
Кеңес соңында Мейрамбек Тәймерденов облыс судьялары алдында сот төрелігінің сапасын арттыру бойынша бірқатар міндеттерді назарға салды. Судьялардың кәсіби деңгейін көтеруді, әсіресе, жаңадан тағайындалған судьяларға істерді қараған кезде жергілікті соттарға практикалық көмек ұйымдастыру, татуластыру, қылмыстық істер бойынша партисипативтік рәсім қолдануды алға тартты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ