СОТТАЛҒАНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1146
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Заречный кентінде орналасқан «ЛА-155/8» түзету мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамтуға арналған «дөңгелек үстел» өтті. Оған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.


Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің аға инспекторы Гүлім Сатовоның айтуынша, «ЛА-155/14» түзету мекемесінде 900-ге жуық адам жазасын өтеуде. Соның ішінде 250 сотталушы ақылы жұмыспен қамтылған. 

Кәсіпкерлер колония аумағында түрмедегілердің ақылы еңбек етуіне мүмкіндік беріп отыр. «ЛА-155/14» түзету мекемесіндегі бос жатқан ғимараттарда ет өнімдерін шығаратын шағын зауыт, ағаш пен темір бұйымдарын жасайтын 5 цех іске қосылған. Жазасын өтеушілер сонда еңбек етіп, ақша табады. Еңбек адамды тәрбиелейді, – дейді Гүлім Маратқызы. 

«ЛА-155/12» және «ЛА-155/8» түзету мекемесінде де жеке кәсіпорындардың жұмысы ойдағыдай жүріп жатыр. Сотталушылар «Clotweel» ЖШС және Кухня.кз фирмасының тапсырыстарын дер кезінде орындауда. Олар бір үлгідегі арнайы жұмыс киімдерін тігіп, асүй жиһаздары мен құрылысқа арналған кірпіштерін сапалы етіп шығаруда. Облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Манас Тұяқбаев бүгінгі таңда облыс аумағында орналасқан түзету мекемелерінде 1600 сотталушының колониядағы кәсіпорындарда еңбек етіп жатқанын айтты.

Әділет департаменті қызметкерлерінің айтуынша, кәсіпорындарда жұмыс істейтін сотталушылар қатаң іріктеуден өтеді. Олардың түрме ішіндегі тәртібіне ерекше назар аударылады. Психолог мамандар жіті тексереді. Екінші рет сотталғандарға жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Сонымен қатар, осында кәсіп ашамын деп ниеттенген азаматтарға көптеген жеңілдік қарастырылған. Кәсіпкерлер электр қуаты, жылу, су сияқты коммуналдық қызметтерге ақша төлемейді. Ол шығынды түрме басшылығы өз мойнына алған.

Біз осындай шаралар арқылы қоғамды ақпараттандыруымыз керек. Соның нәтижесінде қызығушылық танытатын жеке кәсіп иелерінің саны артады. Бұл екі жаққа да тиімді, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрамгүл Шакирова.

Түрмеде де санқилы тағдырлар отыр. Байқаусызда жаза басқан жандар да бар. Олар жасаған қылмыстарына өкініп, тезірек қалыпты өмірге оралсақ деп армандайды. Соған бейімделудің бір мүмкіндігі – жұмыс істеу арқылы алға қарай ұмтылу. Біз аталған жиынның мазмұнынан осыны анық аңғардық.

Болат БАТЫҚҰЛЫ
Қапшағай қаласы