АЛАКӨЛДІҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ЗАҢСЫЗ БАЛЫҚ ТИЕГЕН ЕКІ КӨЛІКТІ ТОҚТАТТЫ

Уақыты: 14.08.2021
Оқылды: 976
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алакөлде заңсыз ауланған балықты тиеп, алаңсыз кетіп бара жатқан екі көлік тоқтатылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Ұсталған екі көліктің жүксалғышынан тәртіп сақшылары 130 келіге жуық балық тәркіледі. Алакөл ауданының полицейлері "Браконьер" жедел алдын алу іс шарасын өткізу барысында "Нива" және "УАЗ" маркалы автокөліктерін тоқтатқан. Екі көлік жүргізушілері 130 килограмға жуық балыққа қатысты ешқандай тиісті құжаттар көрсете алмаған.

Көліктегі балықтар тәркіленіп, тиісті қабылдау орындарына өткізілді. Балықтан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша мемлекетке келтірілген материалдық шығын анықталуда. Тиісті тексерулерден кейін нақты процессуалдық шешім қабылданады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында "Браконьер" жедел алдын алу іс-шарасы 31 тамызға дейін жалғасады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды