АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР ЖОЛ АПАТЫ ТІРКЕЛДІ. БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 08.12.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы - Өскемен тасжолының 71-шақырымында жантүршігерлік көлік апаты болды. Оқиға орнында бір адам көз жұмды. Тағы бір адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты кеше түнгі сағат 23:00 шамасында болған. Алматы-Өскемен тасжолының 71-шақырымында «Mercedes-Benz 814» көлігі солтүстік бағытпен келе жатып, бағдаршамда тұрған «Toyota Caldina» көлігіне соғылған. Салдарынан «Toyota Caldina» көлігінің жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Дәл осы көліктің 39 жастағы жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

- Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігіне сәйкес тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, - деді полиция өкілдері. Алдын ала болжамға сәйкес, «Toyota Caldina» көлігі тоқтауға рұқсат етілмеген жерде тұрған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"