ЖОЛ БОЙЫНДА ТӨРТ ЖАСАР БАЛА НЕ ІСТЕП ЖҮР? ПОЛИЦИЯҒА МЫҢ АЛҒЫС!

Уақыты: 13.12.2021
Оқылды: 1399
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полициясы жол бойынан төрт жасар ойын баласын кездестіріп қалып, аман-есен ата-анасына табыстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Еңбекшіқазақ ауданында №50 борт-патрульдік экипажы қызметкерлері жол бойынан төрт жасар ойын баласын тауып, ата-анасына табыстап, алғысқа бөленді. Патрульдік полиция бастальоны қызметкерлері, полиция аға лейтенанттары Бекзат Тұрсынәлі мен Мақсат Омаров қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында "Алматы - Шелек - Қорғас" автожолының 117-нші шақырымында жол бойында жалғыз жүрген төрт жасар бүлдіршінді байқап, оның ата-анасын жедел түрде тауып, әкесіне көз жазып қалған баласын дін аман табыстады.

Бүлдіршіннің ойнап жүріп, жол бойына шығып, адасып кеткендігі белгілі болды. Тәртіп сақшылары баланың ата-анасымен профилактикалық бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Өз кезегінде баласымен қауышқан әке бейнежазба арқылы шын жүректен тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"