ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА 70-КЕ ЖУЫҚ КҮДІКТІ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНЕ ЖЕТКІЗІЛГЕН

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 1393
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жамбыл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Жарқын Есжановтың айтуынша, өңірдегі бөлімшеге Алматыдағы бүлік пен бұзақылыққа, сондай-ақ, қару-жарақ ұрлау деректеріне қатысы бар 68 адам жеткізілген.

Оның ішінде, төртеуіне әкімшілік және алты адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тегіс ұңғылы атыс қаруын сақтау тәртібін бұзғаны үшін екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қозғалған қылмыстық істері Алматы қаласының тергеу органдарына жіберілді.

Істі болғандар арасында бір адамнан ойық ұңғылы атыс қаруы табылған. Жалпы, сол күндері Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен аудан аумағында 24 адам ұсталған. Олардан айғақзаттар табылған. Ауданның құқық қорғау қызметкерлері елімізде төтенше жағдай тәртібі енгізілгеннен кейін күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіріліп, аудан тыныштығын күндіз-түні көз ілмей күзетті. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты әскерилермен бірлесіп, террористерге қарсы іс-шараларға тартылды. Елді мекендерде қойылған блокбекеттерде бірлескен кезекшілік атқарды. Блокбекеттерде жолаушыларды тексеру барысында Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысып, ұрланған заттармен ұсталғандар арасында қазақ­стандықтармен қатар жақын шетел азаматтары да кездесіпті.

Елдегі орын алған оқиғаға байланысты ауданда жедел арнайы штаб құрылып, оған аудан әкімі Нұрлан Ертас басшылық жасады. Күрделі жағдайда шұғыл әрекет етіп, тиісті алдын алу шаралары белгіленді. Аудан аумағымен өтетін Алматы–Бішкек халықаралық күре жолының Жамбыл облысы Қордай ауданымен шегаралас Ақтерек ауылы тұсына, Қырғызстанмен шегаралас таулы аймақ Қастек ауылы маңында қойылған блокбекеттердің жұмысына жергілікті атқарушы билік тарапынан қажетті қолдау көрсетілді. Мұндай блокбекеттер Алматымен арада, аудан орталығы Ұзынағашта және басқа бірқатар елді мекендерде орнатылды.

Өңірлерде және Алматыда бұрқ ете қалған атыс-шабыстан сескеніп қалған жамбылдықтар ондай адам өлтіру мен өртеу, бүлдіру, тонауға жол бермейміз, террористерден өзімізді қорғаймыз деген ниетпен ұйымдасып, алғашқы күндері әр ауылда тұрғындардың өздері елді мекен сыртын күзетті де.

Бүгінде 170 мыңнан астам халқы бар ауданда жағдай бірқалыпты. Сауда және қызмет көрсету, банк бөлімшелері, жолаушы тасымалдау сияқты басқа да қызметтер төтенше жағдай тәртібін және індетке қарсы сақтық шараларын сақтай отырып, қалыпты жұмыс істеп тұр.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы