САРЫӨЗЕК МАҢЫНДАҒЫ ЖОЛ АПАТЫНАН 61 ЖАСТАҒЫ ЖОЛАУШЫ МЕРТ БОЛДЫ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 1791
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

"Алматы - Өскемен" тас жолында, Сарыөзек маңында көлік апатынан 61 жастағы бір адам мерт болып, тағы төрт адам зардап шекті. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Осы келеңсіз жайтқа байланысты Кербұлақ аудандық полиция бастығы жол қауіпсіздігін қатаң сақтауды және жолда мұқият болу қажеттілігін ескертті.

«Алматы - Өскемен» республикалық маңызы бар автожолдың 174-нші шақырымында «Toyota Land Cruiser PRADO» автокөлігін басқарған бойжеткен рульге ие бола алмай қалған. Жол талғамайтын көлік аударылып, салондағы бірнеше адам жарақаттанып, бір адам көз жұмды.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті бірқатар сараптамалар тағайындалды. Көлік апаты кезінде 1960 жылы туған жолаушы көз жұмып, 1985 жылы туған жүргізуші әйел мен 3 жолаушы әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, - деді Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Полиция таратқан ақпарат бойынша, жол-көлік оқиғасын жасаған көлік арнайы тұраққа қойылған. Тағайындалған сараптамалардың қорытындылары негізінде жол апатының не себептен орын алғанын толық анықтайтын сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталған соң, іс материалдары сот органдарының қарауына жолданады.

- Осы жағдайды ескере отырып, барлық жүргізушілерді жолда абай болуға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Жолдағы болмашы қателік өзіңіздің не өзгенің өміріне үлкен қауіп төндіретінін естен шығармаған абзал. Жоғары жылдамдық, қауіпті маневрлер жасау, мұқиятсыздық немесе ауа райы жағдайын есепке алмай, жолға шығу жол апаттарының басты себебі! - деді Кербұлақ аудандық полиция бастығы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"