МАМАН ПІКІРІ: «БАСТЫ ҚАУІП – КӨШЕДЕ ЕМЕС, ҮЙДЕГІ ИНТЕРНЕТТЕ»

Уақыты: 30.06.2022
Оқылды: 1222
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Соңғы кездері кәмелеттік жасқа толмағандарға қысым көрсететін педофилдердің шығып жатқанын естіп, біліп, көріп отырмыз. Қазақ қоғамына жат әрекет қайдан келіп, қалай таралып жатыр? Осындай сұрақтардың жауабын табу үшін Алматы облысы прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Ержан Сыбанқұловпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, қасақана қылмыс жасау азғындықтың бір түрі іспетті. Осыған байланысты елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде соңғы жылдары балаларға зорлық-зомбылық көрсету аса өзекті мәселе болып отыр. Балалардың құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғау, үлгілі тәлім-тәрбие алуын және психикалық тұрғыдан дұрыс дамуын қамтамасыз ету – еліміздегі мемлекеттік саясаттың өзгермейтін және маңызды бағыты. Соған қарамастан кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеумен күрес мәселесі өзекті болып тұр. Себебі, орын алған әрбір дерек пен оқиға ел ішінде үлкен алаңдаушылық тудыратынын және ең қауіпті әлеуметтік құбылыс екенін ұмытпауымыз керек.
– Әр саланың өз қиындығы, ауыртпалығы болатыны белгілі. Осы санаттағы қылмысты ашудың және тергеудің қандай  қиындығы бар?
– Әдетте мұндай қылмыстар көбіне куәгерсіз жасалады. Жәбірленуші зорлыққа ұшырағанын белгілі бір уақыттан кейін ғана, қылмыстың ізі жойылып кеткен соң немесе айғақ заттарды дәлелдеме ретінде пайдалануда кедергі туындаған кезде хабарлайды, болмаса мүлде айтпауы мүмкін. Оның үстіне мұндай қылмысты жасөспірімнің туысы не өзімен бірге тұратын адамдар жасайды. Осыған орай қылмыстың ашылуында айтарлықтай қиындық туады.
Негізі, кәмелетке толмағандардың зорлық-зомбылыққа тап болуы көбіне бала психикасына тікелей әсер етеді. Тіпті, мұндай әрекеттің соңы кәмелеттік жасқа толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына, денесін кескілеп, зақымдауына, мінез-құлқының бұзылуына, психологиялық және клиникалық зардапқа душар етеді. Содан келіп сабаққа үлгермеушілік, үй мен мектептен қашу, қоғамға қарсы топтарға қосылу, жарақаттан кейінгі энурез, кекештік, қорқыныш, депрессия, фобия сынды ауытқулар туындайды.
Сол үшін, ең алдымен, балаға көшеде танымайтын жанмен сөйлесудің, өзгені үйге кіргізудің, басқа біреудің көлігіне отырудың, бейтаныстан сыйлық алудың қауіптілігін түсіндіру керек.
– Жалпы, облыс аумағында кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа күшпен мәжбүрлеген қанша адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды? Осы бағыттағы жазалау тәжірибесі қандай?
– Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасаған адамдар жазаны өтеуден босатылуға және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жатқызылмайды. Сондай-ақ, осы санаттағы тұлғаларға берілген жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру жүрмейді, жазаны өтеуді кейінге қалдырылмайды, қылмыскерге рақымшылық қолданылмайды.
Одан бөлек, 2016 жылы бала құқықтарын қорғауға қатысты заңнамалық актілерге түзетулер енгізілуіне байланысты елімізде педофилдерді химиялық жолмен кастрациялау жазасы қарастырылып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан қолданыла бастады. Соған орай химиялық кастрация алғаш рет 2019 жылдың желтоқсанында 4 педофилге қолданылды. Содан бері өткен 4 жылдың ішінде елімізде сотталған 42 адам медициналық шара ретінде химиялық кастрациядан өтті.
Шындығында бүгінгі күннің басты қаупі – көшеде емес, үйдегі интернетте. Бала әлеуметтік желі арқылы кибербуллингке, қудалауға, бопсалауға, жыныстық азғындыққа, алаяқтыққа және басқа да қылмыстарға ұрынуы мүмкін.
– Негізі алдын алу шаралары көптеген қылмысты болдырмауға әсер етеді. Осы мақсатта прокуратура органдары қандай жұмыс атқаруда?
– Былтыр балаларды жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында прокуратура облыстық басқармалармен бірлесе отырып, жоспарлы және жүйелі жұмыстар атқарды. Соның ішінде құқық қорғау органдарының жұмысына білім, еңбек және денсаулық сақтау салаларының мамандары қатысып, күдіктілерге қатысты күшейтілген профилактикалық шаралар қолданылатынына, медициналық ұйымдар мен құқық қорғау органдарының тарапынан кәмелетке толмағандарды тексеру нәтижелері қадағаланатынына, зардап шеккендерге міндетті түрде психологиялық көмек көрсетілетініне куә болды. Қабылданған шаралардың барлығы қылмыстың ашылуының артуына әсер етеді.

Сұхбаттасқан Мәди  АЛЖАНБАЙ
Сурет ғаламтордан алынды