АЛМАТЫ ЖӘНЕ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТАРЫНДА ЖОЛ АПАТЫ АЗАЙМАЙ ТҰР - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 28.07.2022
Оқылды: 1819
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы және Жетісу облыстарында жол апаты азаймай тұр. Екі апта ішінде төрт адам жол апатынан көз жұмған. Оның біреуі - 11 жасар бала. Тағы бір бүлдіршін ауруханаға түскен. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.

Жуырда көлік апатынан 11 жастағы бала мерт болды. Оқиға Алматы-Жандосов-Бесмойнақ жолында орын алған.

Түскі сағат 12:05-те Қарасай ауданының полициясына Алматы-Жандосов-Бесмойнақ жолында көлік апаты болғандығы жөнінде хабарлама түсті. Оқиға орнынан анықталғанындай, 39 жастағы «Тойота Камри» көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «ВАЗ» көлігіне соғылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған бала мерт болды. Екі көліктің де жүргізушілері түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

Жетісу облысында да көлік алатынын үш адам көз жұмды. Тағы бір кішкентай бала ауруханаға түсті.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көлік апатынан зардап шеккен кішкентай бала - 6 жаста. «Қаратал аудандық полициясына көлік апаты болғандығы жөнінде хабарлама түсті. Оқиға Үштөбе-Көпбірлік жолында болған. Анықталғанындай, «Тойота-Естима« көлігін 42 жастағы адам тізгіндеген. Ол рөлге ие бола алмай, аударылған. Көлікте 4 адам болған. Оның біреуі - кәмелет жасқа толмаған жеткіншек. Көлік апаты салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы мерт болды. Кішкентай бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», - делінген полиция хабарламасында.

Полиция департаменті барлық көлік жүргізушілерін жолда абай болуға, жылдамдықты шектен тыс асырмауға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"